Жетісу облысында экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстар қорытындыланды.
Өңірлік экология департаменті басшысының орынбасары Азамат Тауырбековтың айтуынша 2025 жылы табиғат қорғау заңнамасын бұзған кәсіпорындар мен тұлғаларға жалпы сомасы 408,3 млн. теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған. Ал қаржының 95 пайызға жуығы мемлекет қазынасына кеткен.
Спикер коммуналдық қалдықтарды басқару аймақтың ең өзекті мәселесі екенііне тоқталып, облыста 7 полигон мен 182 уақытша пункт жұмыс істегенімен, заң талаптарына сай емес екенін жеткізді.
Экологиялық рұқсат құжаттары тек Талдықорған қаласы мен Қаратал, Көксу аудандарындағы полигонда ғана бар. Қалған аудандарда рұқсат құжаттары әлі рәсімделмеген. Сонымен қатар сұрыптау желілерінің болмауы қалдықтарды қайта өңдеу көрсеткішін төмен деңгейде көрсетіп тұр, – деді департамент басшысының орынбасары.
Осы жылы атқарылған жұмыстар бойынша жағымды жаңалық та жоқ емес. Таза ауаның бүлінуіне әсер ететін ірі кәсіпорындардың үлесі азайған. Бұл қоршаған ортаға келетін салмақтың біртіндеп азайып келе жатқанын білдіреді. «Басқуат» қазандығы мен «Alacem» зауытында ауаны бақылайтын автоматтандырылған жүйелер орнатылған.
«Жол картасы» аясында атқарылған жұмыстардың нәтижесі әртүрлі деген спикер, елді мекендерді жасыл желекке бөлеу бағытындағы көрсеткіштер көңіл көншітетінін атап өтті.
Бүгінгі күнге дейін елді мекендерде 20 мың жасыл желек отырғызылды. Бұл – өңірдің экологиялық жағдайын жақсартудағы маңызды қадам деуімізге толық негіз бар. Дегенмен, инфрақұрылымдық және күрделі құрылысты қажет ететін мәселелерді жоққа шығаруға болмайды, – деді.
Сөз соңында А. Тауырбеков табиғатты қорғау тек мемлекеттік органдардың міндеті емес екенін де ескертті.
Экологиялық тазалықты сақтау тек мемлекеттің емес, әрбір тұрғынның жауапкершілігі екенін ұмытпауымыз керек. Біз бірігіп қана қоршаған ортаны сақтап қала аламыз, – деді ол.
Мақпал Әділханқызы





