Жетісу өңіріне сапарлай келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің өкілі Ерболат Саурықов алғаш болып облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жұмысын саралады. Техникалық-материалдық базасының жағдайымен танысып, мамандардың кәсіби дайындығына оң баға берді.
Бұл туралы 7-su.kz ақпараттық порталы хабарлайды.
– Жыл басындағы жоспарға сай маған 3 облыс бекітілген. Жетісу, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облысы. Дейтұрғанмен, барлық облысты қамтуға тырысамыз. Ең маңызды нысана – тұрғындармен кездесу. Олардың көкейінде қордаланған мәселелерді тиісті деңгейде шешуге атсалысу. Бұл ретте де жоспарлы жұмыстар қажет. Мәселелерді облыс және республикалық деңгейлерде шешуді қарастырамыз. Депутаттық сапарымыздағы алғашқы кездесу Жетісу облыстық төтенше жағдайлар департаментінде басталып отыр. Құрылымның техникалық-материалдық базасына, мамандардың кәсіби біліктілігіне жоғары баға қоямын. Сала мәселесіз емес, облыста халық саны көп. Мәселелі нысандар көп. Алакөл, Балқаш көлдері, таулы аймақтар мен орман қорының молдығын ескерсек, штат жетіспеушілік байқалады. Алдағы уақытта осы мәселені шешуге тырысамыз, – деді халық қалаулысы.
Ерболат Байұзақұлы төтеншеліктермен кездесуде көтерілген әлеуметтік және кәсіби мәселелерге байланысты ұсыныстар назарға алынып, оларды заңнамалық деңгейде жұмыс атқарылатынын жеткізді. Халық қалаулысы жергілікті құрылымдармен бірлесе жұмыс істеу маңызды екенін атап өтіп, ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту керегін баса айтты.





