Дүниежүзілік балаларды қорғау күніне орай облыс орталығында ерекше қайырымдылық шарасы өтті. «Қазақстан студенттерінің Альянсы» Жетісу облыстық филиалы өңір жастарын жұмылдыра отырып, «Айналайын» балалар үйіне барып мерекелік концерт ұйымдастырды.
Мерекелік бағдарлама барысында балаларға арналған түрлі қызықты ойындар ойнатылды. Белсенділер кішкентайларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау үшін арнайы флешмоб көрсетті. Сонымен қатар тәрбиеленушілерге ең сүйікті ертегілердің бірі – «Мақта қыз» шығармасынан әзірленген шағын театрландырылған қойылым ұсынды. Басты мақсаты – балалардың қиялын дамыту, ертегі әлеміне саяхат жасату және олардың көңілін көтеру.
Шараға даярлық топтарының оқушылары, сондай-ақ 1, 2 және 4-сынып оқушылары қатысты. Балалар үшін бұл күн тек мерекелік бағдарлама ғана емес, өздеріне деген қоғамның жанашырлығы мен қамқорлығын сезінетін ерекше күн болды.
«Қазақстан студенттерінің Альянсы» Жетісу облыстық филиалы мұндай шараларды тұрақты түрде ұйымдастырып келеді. Ұйым өкілдері балалардың әлеуметтік қолдау мен мейірімге мұқтаж екенін атап өтіп, жастар арасында қайырымдылық мәдениетін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлуде.
Медет ЖҰМАБАЙ





