Қазақстанда 25 қазан – Республика күні. Бұл күн ел тарихындағы маңызды белес, мемлекеттік егемендік пен демократиялық құндылықтардың бастауы саналады. 1990 жылдың дәл осы күні Қазақ КСР мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданған еді. Тарихи құжат Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына жол ашты, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы .
2009 жылы мереке ұлттық мәртебеден айырылғанымен, 2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Республика күні қайтадан ұлттық мереке деңгейіне көтерілді. Мемлекет басшысы бұл бастаманы «елдің рухын көтеріп, бірлікті бекемдейтін маңызды қадам» деп атап өтті.
Биыл мереке сенбіге сәйкес келіп отыр. Сондықтан аптасына бес күн жұмыс істейтіндер 25, 26 және 27 қазан күндері демалады. Ал алты күндік жұмыс кестесіндегі азаматтар үшін 25-26 қазан демалыс, 27 қазан – жұмыс күні болып белгіленген.
Әлем елдеріндегі Республика күні
Қытай
Қытай Халық Республикасының құрылған күні – 1 қазан. 1949 жылы жарияланған бұл дата ел тарихындағы жаңа дәуірдің басталуын білдіреді. ҚХР оны бес күн бойы мемлекеттік деңгейде атап өтеді. Елдің орталық алаңдары мен көшелері гүлмен безендіріліп, әскери шерулер мен халықтық концерттер ұйымдастырылады. Кешке аспанды отшашулар жарыққа бөлейді.
Беларусь
3 шілде – Беларусь халқы үшін қос мереке: Республика күні және Минск қаласының фашистік басқыншылардан азат етілген күні. 1996 жылдан бастап бұл күн мемлекеттік мереке мәртебесіне ие. Минскіде салтанатты шерулер, әскери техника көрмелері және концерттер өтеді.
Армения
28 мамыр – Армения Республикасының құрылған күні. 1918 жылы армян халқы өз мемлекеттілігін қайта жаңғыртқан. Бұл күні елде ұлттық шерулер, мәдени іс-шаралар мен концерттер ұйымдастырылады.
Молдова
27 тамыз – Молдова Республикасы үшін тәуелсіздік пен егемендіктің күні. 1991 жылы дәл осы күні Тәуелсіздік декларациясы қабылданған. Ел бойынша мемлекеттік тулар ілініп, концерттер мен жәрмеңкелер өткізіледі.
Франция
14 шілде – Франциядағы басты ұлттық мереке. Бұл күн 1789 жылы Француз революциясының басталуымен байланысты. Парижде әйгілі әскери шеру өтеді, кешкісін ел астанасы отшашулармен жарқырайды.
Италия
2 маусым – Италияның Республика күні. 1946 жылғы референдум нәтижесінде ел монархиядан бас тартып, республика орнатты. Римде Президент гүл шоқтарын қойып, әскери шеру өткізіледі.
Әзербайжан
28 мамыр – Әзербайжан Демократиялық Республикасының жарияланған күні. 1992 жылдан бері ұлттық мейрам ретінде атап өтіледі. Республика алаңында ресми шаралар мен жастарға арналған мәдени бағдарламалар ұйымдастырылады.
Үндістан
26 қаңтар – Үндістан Республика күні. 1950 жылы елдің жаңа Конституциясы күшіне енген. Нью-Делиде үлкен әскери және мәдени парадтар өтеді, Президент марапаттар тапсырады.
Пәкістан
23 наурыз – Пәкістанның Республика күні. 1956 жылы елдің ислам республикасы болғаны жарияланған. Исламабадта әскери шеру мен ресми марапаттау рәсімдері өткізіледі.
Түркия
29 қазан – Түркия Республикасының құрылған күні. 1923 жылы елдің тәуелсіздігі жарияланды. Бүкіл елде патриоттық іс-шаралар, концерттер мен отшашулар өтеді.
Непал
28 мамыр – Непал Республикасының күні. 2008 жылы монархия жойылып, республика жарияланған. Катмандуда әскери шеру және ұлттық мәдени бағдарлама ұйымдастырылады.
Мальдив
11 қараша – Мальдив Республикасының күні. 1968 жылы ел монархиядан республикаға өтті. Бұл күні ресми жиындар, концерттер мен спорттық шаралар өткізіледі.
Бразилия
15 қараша – Бразилия Республикасының күні. 1889 жылы император II Педро тақтан түсіп, республика жарияланды. Ел бойынша азаматтық шерулер мен тарихи дәрістер өткізіледі.
Гайана
23 ақпан – Гайанада монархия жойылып, республика орнаған күн. Бұл күні халық «Масрамани» деп аталатын ұлттық карнавалмен мерекелейді. Шерулер, ұлттық әндер мен билер, спорттық жарыстар ұйымдастырылады.





