Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағалиды қабылдады, деп хабарлайды 7-su.kz.
Кездесу барысында Президент Агенттіктің атқарып жатқан жұмыстары мен 2024 жылдың алғашқы тоқсанындағы нәтижелерімен танысты.
Асхат Жұмағалидың баяндауынша, жыл басынан бері сыбайлас жемқорлыққа қатысты 521 қылмыс тіркелген. Олардың ішінде 257 лауазымды тұлға әшкереленіп, соның 141-і – әртүрлі деңгейдегі басшылық қызметтегі адамдар болған. Қазіргі таңда 366 қылмыстық іс сотқа жіберілген.
Президентке ұсынылған деректерге сәйкес, биылдың өзінде мемлекет пайдасына 15 миллиард теңге өтелген, ал 2022 жылдан бері жалпы сомасы 1,13 триллион теңгеге жуық активтер мемлекетке қайтарылған.
Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алулар мен бюджеттік қаражаттың мақсатты жұмсалуына мониторинг жүргізу барысында 21,2 миллиард теңгенің негізсіз шығындалуына жол берілмегені атап өтілді.
Кездесуде туризм саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау нәтижелері де сөз болды. Агенттік аталған бағытта уәкілетті органдарға нақты ұсынымдар жолдаған.
Сонымен қатар, Асхат Жұмағали автомобиль жолдарының құрылысы саласында «ақшаны бояу» жобасын жүзеге асыру барысы туралы баяндап берді. Бұл бастама қаржыны мақсатты пайдалану мен ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған.
Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықпен күрестің жүйелі түрде жүргізілуі тиіс екенін атап өтіп, қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайту жолында Агенттіктің бастамаларын қолдайтынын білдірді.
Фото: culture.ru