Енді Қазақстанда футболка мен шапандарға ру атауын жазуға тыйым салу мәселесі қарастырылып жатыр. Сонымен қатар, отандық киноөнімдердің мазмұнын сараптайтын көркемдік кеңес құру ықтимал.
Бұл туралы 7-su.kz ақпараттық порталы хабарлайды.
Мамандардың айтуынша, мұндай шектеулер қоғамды жер-жерге, ру-тайпаға бөліп, ел ішіне іріткі салатын контенттің алдын алу мақсатында қолға алынбақ. Егер фильм авторлары руларды бір-біріне қарсы қойып, арандатушылық сипаттағы сюжеттерді ұсынса, мұндай туындылардың жарыққа шығуына жол берілмейді.
Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров соңғы уақытта қоғамдық алауыздық тудыруы мүмкін фильмдердің көбейіп кеткенін атап өтті. Оның айтуынша, жауапты мемлекеттік органдар тарапынан контентке тиісті деңгейде бақылау жүргізілмей отыр. Соның салдарынан «Руың кім» сынды даулы кинокартиналар экранға шығып жатыр.
Депутаттың пікірінше, бүгінде отандық кино саласында қоғамдық бірлік пен тұтастықты нығайтудан гөрі, халықты жікке бөлуге бейім үрдіс байқалады.
«Отандық өнімдердің мазмұнын алдын ала көркемдік-эстетикалық, идеологиялық және ұлттық бірлік тұрғысынан сараптайтын тұрақты комиссия құру қажет. Ұлттық код пен мәдени ерекшелік ұғымын желеу етіп, қоғамды бөлшектеуге, рушылдық пен жікшілдікті насихаттайтын әрекеттерге нақты тосқауыл қойылуы тиіс», – деді Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров.





