Қоғам мен мемлекет арасындағы диалогты қалыптастыру мақсатымен ұйымдастырылған Ұлттық құрылтай табиғаты көркем, тарихы да терең Бурабай жерінде өтті. Мұның өзі алқалы жиын өтетін жердің Ұлытау мен Түркістан, Атырау сияқты қазақтың қасиетті өңірлерінің қатарында екенін айғақтайды.
Құрылтайда көтеріліп жатқан мәселелер де маңызды. Нақтырақ айтатын болсақ, онда басқа да маңызды жайттармен қатар отбасылық құндылықтарды нығайту мен бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақ тіліндегі контенттерді дамыту, ана тіліміздің қолданылу аясын кеңейту, тарихи-мәдени нысандарды сақтау жайы да әңгіме өзегіне айналды. Аймақтарда, яғни Алматы мен Астанадан өзге өңірлерде тіршілік етіп жатқан ақын-жазушылардың шығармашылығына қолдау көрсету мен баспа ісін жүйелендіру мәселесі де айрықша назар аударатын мәселе.
Иә, бүгінде ана тіліміз әлі күнге дейін есіктен сығалап, төрге шыға алмай тұр деп айта алмаймыз. «Көрмес түйені де көрмес» дегендей, бұл орайдағы ілгерілеулерді байқамау мүмкін емес. Алайда мұның өзі мемлекеттік тіл өз статусына лайық деңгейге көтерілді дегенді де білдірмейді. Ондай деңгейге жету үшін әлі де көп жұмыс атқару қажет. Құрылтайда нақ осы мәселе көтерілуде деген хабарды оқығанда қуанғанымыз да сондықтан.
Сөз орайы келгенде ана тіліміздің қолданылу аясын кеңейтуге өзіміздің де жауапты екенімізді айтып өтпей болмайды. Олай дейтінім, арамызда әлі де болса өз тілін менсінбей мұрнын шүйіре қарайтындар бар. Ондайлармен жұмыс жүргізуді қоғам белсенділері ғана емес, ардагерлер мен аналар кеңестері, өзге қоғамдық ұйымдар да қолға алса нұр үстіне нұр болмас па?
Өзім үшін аймақтағы ақын-жазушылар шығармашылығына қолдау көрсету тақырыбы да маңызды. Жасыратыны жоқ, өңірлерде тұратын жазушылар кітаптарының жарық көруіне көп ретте сол өңірлердің әкімдері ғана қолдау көрсетеді. Ендігі жерде жергілікті жерде тұратын ақын-жазушыларға Жазушылар одағы арқылы мемлекеттік қолдау көрсетілсе игілікті істің бірі болар еді.
Биылғы жылы Қазақстан тарихы бойынша жазылған жаңа жеті томдық жинақ жарық көреді екен. Көптен күткен бұл кітаптардан да жақсы жаңалықтар, тың тұжырымдар күтеміз.
Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ,
ардагер журналист





