Талдықорғанда өтіп жатқан атышулы сот процесінде кісі қолынан қаза тапқан 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот-медициналық сараптама нәтижелері ресми түрде жария етілді.
Сотта мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай оқыған мәліметтерге сәйкес, 2024 жылдың 4 қазан күні түнгі уақытта Талғар қаласындағы «Қамажай» дүкенінің маңында орын алған жанжалдан кейін марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов жарақат алған ұлы Шерзат пен оның ағасы Нұрқанатты көлігіне отырғызып, Талғар аудандық орталық ауруханасына жеткізуге тырысқан.
– Сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша, Шерзат Полат көп қан жоғалту салдарынан көз жұмған. Пышақ жарақаты сол жақ өкпенің жоғарғы бөлігін зақымдап, көкірек қуысына енген. Жара жүрекке өте жақын орналасқан, – деді прокурор.
Дәрігерлер өлімді 2024 жылдың 4 қазанында сағат 01:30 шамасында тіркеген.
Айта кетейік, аталған қылмыстық оқиға 4 қазан күні Талғар қаласында тіркелді. Дүкен иесі Қаржаубай Нұрымов, оның ұлы Шерзат және туысы Нұрқанат Ғайыпбаев белгісіз бір топ адаммен жанжалға тап болып, оқиға соңы кісі өлімімен аяқталған. Жасөспірім Шерзат Полат оқиға орнында ауыр жараланып, кейін ауруханада қайтыс болды.
Бұл оқиға қоғамда кеңінен резонанс тудырып, жұртшылықтың жіті назарында болды. Араға екі ай салып, 9 желтоқсан күні Шерзаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың мәйіті табылды.
Келесі күні, 10 желтоқсанда Азат ауылында Ғайыпбаевтың жаназасы өткен соң, оның әкесі Қаржаубай Нұрымов ұлы мен інісінің өліміне байланысты әділ тергеу жүргізуді талап етіп, жүк көлігінің төбесіне шығып, наразылық білдірген. Кейін ол полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсетті деген айыппен 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Нұрымов тағылған айыптарды жоққа шығарып, тек полиция көлігінің дөңгелектерін тескенін айтқан.
Осы оқиға кезінде полиция Қаржаубай Нұрымовтың туыстары мен қорғаушысының өтінішімен ұсталғанын хабарлаған. Алайда оның адвокаты мұндай өтініштің болмағанын мәлімдеді.
«Жетісу-Ақпарат»
Фото: Orda.kz





