Тарихтың ашылмай жатқан құпиялы деректерін зерделеп зерттеуші әрі өлкетанушы Құлтай Нұрқалбаевтың «Жалайыр тарихынан» атты тарихи-тағылымды мақалалар жинағының бірінші кітабында әлемге әйгілі ғалым-энциклопедист, тарихшы Рашид ад-Диннің «Джами ат-таварих» (Жылнамалар жинағы)атты еңбегінде жазылған көне он ру жалайыр тайпасы тағдырына қатысты анықтамалық деректер топтастырылған. Ғылыми зерттеу-зерделеу еңбегінде жалайырлардың қоныстарға орналасуы, өркендеуі, әлем тарихындағы орны жібек жіпке тізгендей етіп баяндалады.
Иран, Ирак, Курдистан және Әзірбайжан жерінде 100 жылға жуық гүлденіп, дамып, билік құрған Жалайыр мемлекетінің 1335-1437 жылдар аралығындағы тарихын зерделеу нәтижесінде туындаған еңбек. Қазіргі он үш ата жалайыр әулетінің «манақ» этнонимінің (сөзі) шығу туралы манақтардың қазақ және дүниежүзі тарихындағы орны туралы ой-толғаулар қамтылған.
Кітаптан дана бабамыз қазақтың тұңғыш тарихшысы, мемлекет және қоғам қайраткері, би, қолбасы, елші, философ, ақын Қадырғали Қосымұлы Жалайыр жайлы (1530-1605 ж.ж.) өмірбаяндық және көптеген дәйекті деректі табуға болады.
Автордың көздеген түпкі мақсаты «Жауының жағын, жылқының жалын айырған» көне тайпалардың бірі Жалайыр руының тарихына, шежіресіне, көрнекті тұлғаларына байланысты деректердің барын анықтап, жоғын іздеп тапқанын қағаз бетіне түсіріп, тынымсыз ізденіп жүрген еңбекқордың нақ өзі деп нық сеніммен айтуға болады. Тарихи тағылымдарда, ғылыми жазбаларда, көркем әдебиеттерде, баспасөз ақпарат құралдарында жарияланған зерттеулерді, мақалаларды барынша толықтай жинастырып, әрбір айтылған деректер мен үзінділерді кім айтты, қай кітаптан алынды немесе қандай жорналда, не газетте қай жылы, қай күні жарияланғанын нақты көрсетудегі құнттылығы ерекше бағалауға лайық. Әрі көптеген жыл бойы ізденіс пен тынымсыз еңбек етіп, табанды түрде тер төккені аңғарылады. Соның нәтижесінде бірнеше кітапқа жүк болатын ізденісті зерттеу еңбегінің бас-аяғын жинақтап, пікірін тұжырымдап ой түюі дағдылы ісіне айналған.
Қолжазба шартты түрде беске бөлінеді. Әртүрлі басылым беттерінен теріп алған деректерді жүйелеп, бір арнаға бағыттап, тиянақты тұжырым жасалынады. Жинақталған материалдардағы әңгіме арқауына айналған мағлұматтарды зерттеуші Құлтай Нұрқалбайұлы қолға түскен құнды құжаттарын сараптай отырып, деректердің дұрыс жағын құптап, жаңсақ басып, бұратартқандарына дәлелді деректермен ақиқатты түсіндіру арқылы өз көзқарасын ашық білдіреді.
Автордың өзін алаңдатқан екіұдай ойларын жинақтауда ыждағаттылық пен ерінбеушілік танытқаны нақты ісінен көрініп тұр. Тарихтағы кейбір жаңсақтықты дәлелдеудегі қиыстыра қоятын қисындары да нанымды әңгімеленеді. Қалай дегенмен де талғампаздықпен көңілге қонымды пікір түйіндеп, бір сәт ойландыратын тұстары да бар.
Жалайыр бөлімінде рулы тайпаның шығуы мен қалыптасуы жан-жақты талданып, әуелгі бастауынан мол мағлұмат береді. Жалайырдың асыл арнасының ертедегі дәуірден бастау алатыны тілге тиек етіледі. Тарихи деректерге жүгінер болсақ, Жалайырлар Моңғол илхандары патшалығы мен Әмір Темір дәуірлері тұсында Иранда билік құрған ең атақты ру екенін тарих зерттеушілері нақты деректермен дәлелдеп айтып жүргені дау тудырмас шындық. Біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырдан бастап тарихқа белгілі жалайырлар мемлекеті болу үшін, ру-тайпасының тағдырының әртүрлі қиындыққа кезігіп, небір тегеуірінді қыспақты көргені, тосқауылды кедергілерді жеңіп, жалайырдың Ирак тарихындағы алар орнының ерекше болғанын баяндайтын «Тарих Әл-Ирак» деп аталатын бес томдық Ирак Ұлттық энциклопедиясының үшінші кітабы толықтай орта ғасырда «Ирактағы Жалайыр билігі» атты кітабына сүйене отырып, Жалайыр мемлекетін құрып, астанасы Бағдат болғанын айқындайтын көпке беймәлім деректерді алға тартады. Сондай-ақ, «Моңғолдың құпия шежіресі» жылнамасында атап көрсетілгеніндей, жалайыр тайпасы ертеректе Онон, Керулен өзендерінің аралығына, Кентай тауының солтүстік-шығыс жоталарына қоныстанып, сол аймақта өмір сүрген Жалайырлардың дәуірлеу кезеңіндегі тарихи құнды деректерге жүгінеді. Солай дегенмен де Жалайыр ру-тайпасы тарихының терең зерттелмей, шаң басып, назардан тыс қалып келе жатқаны көп ойландырып, толғандыратын маңызды мәселе. Жұртшылыққа беймәлім деректерді тарих қойнауынан шығарып, көпшілік назарына ұсыну көкейтесті шаруа. Осы бір олқылықтың орнын мысқалдай болса да толықтыруға үлес қосу жолында тер төгіп, еңбек етіп жүрген өлкетанушы-тарихшы Құлтай Нұрқалбайұлына игілікті ізденісі дәйім жемісті бола бергей деп ілтипат көрсетсек еш артықтығы бола қоймас.
Зерттеушілердің пікірінше, Жалайыр тайпасы негізінен 3 топқа жіктеледі. Олар Шуманақ, Сырманақ және Бірманақ деп аталады. Жалайырлар тарих ғылымындағы деректерге сүйенсек, Монғол дәуірі аталып кеткен Шыңғыс ханның жорығынан кейін барып қазақ жеріне келіп қоныстанған деген тұжырым жасайды. ХV-ХVІ ғасырларда Дешті Қыпшақтың белді тайпаларымен бірге Қазақ хандығына қосылып, қазақ этносының негізін қалаған, өз тарихында терең із қалдырған бүкіл кең-байтақ даңғайыр далаға аты мәлім болған қайталанбас ірі тұлғалары бар тайпалардың бірі саналатыны тарихи ақиқат. Жалайырлар кезінде жеке этникалық топ ретінде Ақ Орданың, Моғолстанның, Әбілқайыр хандығының құрамына енген ірі тайпалы рулы ел екенін есте ұстаған абзал.
Қасиетті бабамыз Жалайырдың тұсында өмір сүрген тайпалардың тарихын, әлемдік деңгейдегі атқарған рөлін, сол кезеңдегі қоғамға қосқан үлес-салмағын тарих зерттеуші Құлтай Нұрқалбайұлы байсалдылықпен саралайды. Жалайыр тарихына байланысты жәдігерлерді білуге құштарлық тұрғысынан зерттеп, өзіндік зерде-зейінімен сараптамалы қорытынды жасап отырады. Жалайыр тарихын зерттеу оңай шаруа деуге ауыз бармайды. Дегенмен де игілікті іс тындырылып, Жалайыр тарихын түгендеуге барынша ықтияттылықпен ізденудің нәтижесінде бағасы құнды асыл мұрамызды жаңғыртатын тағы бір рухани байлықтың арнасы ашылып, осы қазынаның бағасын түсініп, оның қадір-қасиетін ортақ құндылыққа қосылған қомақты үлес деп білген жөн.
Жалайыр бабадан тараған ру-тайпалардың ататектерінің шығуы, таралуы, орналасуы туралы, сонымен қатар тарихи тұлғаларының да ғұмырнамалық деректерін, тәптіштеп жүйелеп нақтылауға ден қойған автор арагідік қазақтың үш жүзінің ру-тайпаларына және оларға кірмейтін рулар мен тайпаларға, басқа да ұлт пен ұлыстардың да «қарға тамырлы қазақтығына», туыстық бауырластығына да талдау жасайтыны бар. Сонымен бірге, Жалайыр тарихы туралы парсы, араб, түркі, орыс және басқа ұлт ұлыстарының жылнамашылары, саяхатшылары, ғалымдары жазып қалдырған зерттеулеріне зер салып, қолына түскен құнды материалдарды тақырыптарына қарай жіктеп жүйелеудегі талғампаздығын танытады.
«Жалайыр тарихынан» деген зерттеу кітабын жазуға не себеп болғанын Құлтай Нұрқалбайұлы былайша түсіндіреді: 1964 жылдың жазында Алматы қаласындағы «Қазақ мемлекеттік баспасынан» шыққан, 302 беттен тұратын «Орта Азия мен Қазақстанның ұлы ғалымдары» аты кітапті сатып алады. Құрастырған Бүркіт Исқақов. Осы кітаптағы 11 беттен тұратын Қалдарбек Жүнісбаевтың Қадырғали Қосымұлы Жалайыри туралы «Елеусіз қалған есім» мақаласын оқып, көп әсер алып, таң-тамаша болады. Дана бабамыз XVI ғасырда қазақ тілінде тұңғыш тарихи «Жами-ат Таварих» (Жылнамалар жинағы) еңбегін жазып қалдырған екен.
Құлтай 1967 жылы С. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетінде оқып жүріп «Жизнь и революционная деятельность Токаша Бокина» деген тақырыпта диплом жұмысын жазып, оны ойдағыдай қорғайды.
Диплом жұмысының жетекшісі белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, тарихшы-ғалым, жазушы, драматург Мұсатай Ақынжанов болатын. Көрнекті ғалым Кеңес өкіметі кезінде Мұхамеджан Тынышпаевтан кейінгі 1957 жылы «Қазақтың тегі туралы» 163 беттен тұратын алғашқы ерте заманнан басталатын қазақ шежіресін ғылыми түрде жазып шығарған тарихшы еді.
Мұсатай Ақынжанов ғалым-ұстаз тәлімгер шәкірті Құлтайға жазуға бейім екенін айта келіп, «орысша шүлдірлегеніңді қойып, қазақша газет-журнал, кітаптарды көп оқы, тек қазақтар ғана өз тарихын шынайы етіп жазады. Сенің орысшаң ешқайда кетпейді», – дейді. Өзі «Қазақ тегі туралы» ғылыми еңбегін жазу, зерттеу барысында мұрағат құжаттарын көп ақтарғанын айтады. «Сенің ата-бабаларың Жалайыр көрінеді. Бұл үлкен тайпалы ру. Олардың тарихында құнды дерек өте көп. Бәрін шаң басып жатыр. Олардағы мағлұматтар таптырмас деректерге толы. Соларды жинастырып, зерттейтін ғалымдар да жоқтың қасы. Ғылыми зерттеумен шұғылданатын жастар болса ғой, шіркін, бұған қалай қарайсың?» дегендей сыңай танытады. Ғылыми жетекшісінің өзіне құлаққағыс жасап отырғанын іштей сезінгенімен нақты жауап беруге батылы бармайды.
Кеңес одағының «мызғымас» халқы Октябрь революциясының 60 жылдығын дүркіретіп тойлап жатқанда, Құлтайға «ұлтшыл» деген айып тағылып, партия мүшелігінен шығарылып, жұмыстан қуылып, екі жыл бойы сергелдеңге түсіріп, прокуратура үстінен іс қозғаған. Осыдан кейін ғылыми жетекшісінің ақыл-кеңесі ойға оралып, өткен ғасырдың 70-ші жылдарынан бастап орысша, қазақша Жалайыр тарихына, шежіресіне, тұлғаларына байланысты ғылыми, тағылымды, көркем әдебиеттер мен бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде жарияланған мақалаларды жинастырып, бір жүйеге келтіруге батыл кіріседі. 50 жылдан астам уақыт жинаған деректері бойынша республикалық, облыстық, қалалық газет-журналдарға көлемді мақалалар жазып тұруды қалыпты іске айналдырады. Оқырмандармен пікір алысып, олардың ұсыныстарына құлақ түреді. Өз халқының тарихын оқитын, бағалайтын, өз ру-тайпаларын дәріптей білетін жас ұрпаққа 15 кітаптан тұратын «Жалайыр тарихынан» атты топтама шығарып, оқырманға ұсынған. Оларды баспадан шығаруға бір-ақ нәрсе бөгет жасап тұр. Құлтайдың «Жалайыр тарихынан» атты бұл еңбегі Жалайыр тарихын зерттеушілер үшін де, ататек шежіресін білемін деушілер үшін де керекті құралға айналары күмәнсіз. Өйткені тарих құпияларын зерттеуші Құлтай Нұрқалбайұлы дәйекті деректерді ұзынқұлақ арқылы біреулерден естіп-білгенін қосымша сұрастырып нақтылайды. Оның анық-қанығын көзімен көріп, ой елегінен өткізіп барып қана түйінді шешімін түпкілікті қорытындылайды.
Құлтай Нұрқалбайұлының көп жылғы жемісті еңбегі мен халқы үшін адал атқарған қызметтері ескеріліп медальдармен, төсбелгілермен және 50-ге жуық Мадақтау граматаларымен марапатталған. Еңбек демалысына шыққан күннен Құлтай Нұрқалбайұлы бұрында арагідік шұғылданып жүрген Жалайыр тайпасының тарихын жинастырып, зерттеп жүйелеу ісімен түбегейлі шұғылдануға бекем бел байлайды. Тыным таппай тарих беттерін ақтарып, сүзгісінен өткізген ғылыми еңбектерін жинақтап, сериялы 15 кітабын баспадан шығарды. Оның сыртында қазақтың тұңғыш тарихшысы Қадырғали би Қосымұлы туралы құнды зерттеулерін топтастырып, жеке кітап етіп, оқырман қауымға ұсынған. Бұдан тыс тарихи тағлымы мол 50-ге жуық ғылыми мақалалардың авторы.
Құлтай Нұрқалбайұлының өмірлік тағдырын қосқан зайыбы Нағима Жабайқызы Талдықорған қаласындағы C. Сейфуллин атындағы облыстық кітапхана мен В. Маяковский атындағы қалалық орталық кітапханасында 33 жыл директор болып қызмет атқарған, Қазақстан республикасына еңбек сіңірген мәдениет саласының қайраткері еді. Өкініштісі сол, отбасында елу бес жыл тату-тәтті өмір сүрген аяулы жар, ардақты ана бола білген Нағима жарық дүниеден ерте озып, мәңгілік сапарға аттанып кетті. Отбасында тәрбиеленіп, жоғары білімді кәсіби мамандық алған ұлы Берік медицина саласында халықтың денсаулығын сақтауға білімі мен күш-жігерін жұмсап жүрсе, қызы Ардақ қаржыгерлік қызметін абыройлы атқарып келе жатқан тәжірибелі маман. Екеуі де берекелі отбасының иегерлері. Әкесі балаларына, балалары әкесіне қамқоршы болып, бірін-бірі құрмет тұтудың үлгі- өнегесін берік ұстанған, ынтымақтары жарасқан жылы жүректі отбасы.
Әли ЫСҚАБАЙ
ҚР еңбек сіңірген қызметкері, Алматы облысының Құрметті азаматы