Көктем шығып, айнала құлпырған шақта қала көшелері мен саябақтарда мамыргүлдің (сирень) хош иісі аңқиды. Алайда, осы әдемілікті үйіне алып кеткісі келетін жандар үшін бұл әрекеттің соңы қомақты айыппұлға әкеп соғуы мүмкін. Қазақстанда, соның ішінде Алматы қаласында сиреньді рұқсатсыз жұлғандар үшін қатаң жаза қарастырылған, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес, қала аумағындағы жасыл желектерді зақымдағаны үшін жеке тұлғаларға шамамен 216 мың теңге көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. Бұл сома өсімдікке келтірілген зиянның деңгейі мен нақты жағдайға байланысты өзгеріп отырады.
Аулаларда, саябақтарда және көше бойында егілген барлық өсімдік мемлекет қорғауында. Егер мамыргүл жекеменшік аумақта өсіп тұрса, мәселе тікелей иесімен шешіледі. Мұндай жағдайда меншік иесі келген шығынды бағалап, сот арқылы немесе өзара келісіммен өтемақы талап етуге құқылы.
Полиция мәліметінше, мамыргүлді жұлу әрекеті көбіне Әкімшілік Кодекстің 386-бабына жатады. Бұл бап жасыл желектерді күтіп ұстау немесе қорғау қағидаларын бұзғаны үшін жауапкершілікті жүктейді.
«Қазақстан Республикасы Әкімшілік Кодексінің 386-бабының нормаларына сәйкес, жасыл желектерді қорғау қағидаларын бұзғаны үшін 30 айлық есеп көрсеткіші мөлшерінде, яғни 130 мың теңгеге жуық айыппұл көзделген. Бұл да, әрине, аз сома емес. Азаматтар міндетті түрде жеке жауапкершілікті сезінуге тиіс», – дейді қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Мамыргүлді жұлу тек заң бұзушылық емес, сонымен бірге өсімдіктің өсуіне де кері әсерін тигізеді. Бұтақтарды сындыру кезінде өсімдік ауруға шалдығып, келесі жылы гүлдемеуі немесе мүлдем қурап қалуы мүмкін.
Қаланың келбетін сақтап қалу үшін мамандар мынадай кеңестер ұсынады:
-
Фотосессия жасаңыз: Гүлді жұлғанша, оның қасында естелік суретке түскен әлдеқайда тиімді әрі тегін.
-
Арнайы дүкендерден сатып алыңыз: Егер үйіңізге гүл қойғыңыз келсе, гүл өсірушілерден арнайы сатылатын шоқтарды алған дұрыс.
-
Өз бақшаңызды егіңіз: Мүмкіндік болса, жеке аулаңызға мамыргүл егіп, оны өз еркіңізбен күтіп-баптаңыз.
Табиғатты аялау – әрбір азаматтың борышы. Бір сәттік қуаныш үшін табиғатқа зақым келтіріп, қомақты қаржыдан айырылып қалмаңыз.





