Талдықорған қаласындағы Жетісу гарнизоны десанттық-шабуылдаушы 18404 әскери бөлімі арнайы ашық есік күнін өткізді. Аталған іс-шараға облыс орталығындағы Сайын Мұратбеков атындағы №9 орта мектептің және Мағжан Жұмабаев атындағы №19 орта мектеп-гимназиясының оқушылары мен «Жас сарбаз» және «Жас полиция көмекшілері» әскери — патриоттық клубтарының тәрбиеленушілері қатысты.
Осы барыста жастарға әскери қару-жарақтың түр-түрі, ұрыс техникалары және десантшылардың киім үлгілері таныстырылды.
«Мұндай шаралардың болашақ Отан қорғаушы жас ұрпақтар үшін тәрбиелік мәні зор. Себебі, бұл олардың бойындағы елге, жерге деген патриоттық сезімдерін оятып, Отанды құрметтеуге, қорғауға деген сенімдерін арттыра түсеті сөзсіз, — дейді 18404 әскери бөлімінің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі Айсұлу Жұмакеева.
Осы орайда ашық есік күніне қатысушылар сарбаз асханасы мен казармаларда болып әскери қызметшілердің тұрмыс-тіршіліктерімен танысты. Сонымен бірге жауынгерлермен жүргізілген тактикалық, атыс дайындығы бойынша тәжірибелік жаттығуларды тамашалады. Нақтырақ айтқанда оқушылар әскери және технологиялық дайындық пәнінде өздерінің оқып, білгендерін тәжірибе жүзінде көзбен көрді. Іс-шара соңында мұғалімдер мен оқушылар әскери қызметшілерге қонақжайлықтары мен жылы қабылдаулары үшін алғыстарын білдіріп, ізгі тілектерін жеткізді.
Айдын КӘЛІМХАН