Талдықорғандағы 18386 әскери бөлімінің ұйымдастыруымен әз-Наурыз мейрамы өтті.
Шараның шымылдығы Қазақстан Республикасы Гимнінің орындалуымен ашылды. Сонымен қатар, ҚР Қарулы Күштері қатарында қызмет атқарған майор Андрей Хрущевті еңбек демалысына шығарып салу салтанаты жасалды.
Өз кезегінде құттықтау сөзді алғашқы болып 18386 әскери бөлімінің командирі Серік Алдабергенов алды. Ол:
– Құрметті әріптестер, біріншіден, саулықтарыңызды тілеймін. Наурыздан-Наурызға жете берейік. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Туған-туысқандарыңыз бен дос-жаран, құда-жекжаттарыңыз аман жүрсін. Көгімізден әрқашан көк байрағымыз желбіреп тұрсын. Наурыз мерекесі баршамызға құт-береке алып келсін, – деп өзінің ақжарма лебізін жеткізді.
Салтанатты шарада қазақтың ұлттық ойындары ойнатылды. Қолкүрестен, гір тасын көтеруден, асық ойнау, сондай ақ, арқан тартыстан жауынгерлер бақтарын сынады.
Қолкүрестен лейтенант Д.Айдынғалиев, ефрейтор Т.Құдайберген топ жарса, асық атудан қатардағы жауынгер Қ.Жамали көзге түсті. Ал гір тасын көтеруден тағы да ефрейтор Т.Құдайберген алдына жан салмады. Командалық арқан тартыстан 1-рота алдыңғы шептен көрінді.
Іс-шарада қазақтың салт-дәстүрі көрініс берді. Тәй-тәй басқан сәбиге тұсаукесер рәсімі жасалды. Сонымен қатар, жиналған қауымға арнайы дастарқан жайылып, наурызкөже таратылды.
Салтанатты кеш әскери бөлім ұйымдастыраған концерттік бағдарламамен өз мәресіне жетті.
Кәмилә ТҰЯҚОВА
Талдықорған қаласы
Алматы облысы