Қазіргі таңда әрбір шаңырақта смартфон, планшет, ноутбук сияқты бірнеше электронды құрылғы белсенді пайдаланылады. Дегенмен күнделікті әдетке айналған қарапайым әрекеттердің артында үлкен қатер жатуы мүмкін. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі (ТЖМ) электрондық құрылғыларды, әсіресе түнгі уақытта ұзақ бойы қараусыз қуаттаудың аса қауіпті екенін ескертеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Қуаттау барысында байқалатын басты қатерлердің бірі – ақауы бар адаптерлер мен зақымдалған кабельдер. Техникалық жарамсыз жабдықтар қысқа тұйықталуға, құрылғының шамадан тыс қызып кетуіне және соңы өрттің шығуына әкеледі.
Мамандардың айтуынша, гаджеттерді төсек, диван, жастық немесе көрпе үстіне қойып қуаттау ерекше қауіп туғызады. Жұмсақ беткі қабат жылудың қалыпты таралуына кедергі келтіріп, құрылғы ішіндегі аккумулятордың қызуын лезде арттырады. Қуатталып жатқан құрылғыларды перде, қағаз, киім сияқты тез тұтанатын заттардан алшақ ұстаған абзал. Түнде ұйқыда жатқан адам техникалық ақауды немесе түтінді дер кезінде байқай алмайды. Ал болмашы қысқа тұйықталу 5-10 секунд ішінде үйді шарпитын өртке ұласуы мүмкін.
Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін мынадай қарапайым әрі тиімді ережелерді сақтауға кеңес береді:
-
Тек сертификатталған, жарамды әрі сапалы оригинальды қуаттағыштарды пайдалану;
-
Зақымдалған кабельдер мен ақауы бар электр розеткаларын қолданыстан дереу шығару;
-
Құрылғы толық қуатталған соң адаптерді электр желісінен ажырату;
-
Гаджеттерді қатты, тегіс және ыстыққа төзімді беттерде (үстел, тумба) қуаттау.
Тұрмыстық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру – әрбір азаматтың өз қолында. Өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау арқылы сіз өз отбасыңыздың амандығын, мүлкіңіздің бүтіндігін қамтамасыз етесіз. Егер төтенше жағдай туындаса немесе өрт белгілері байқалса, тосылмай 112 нөміріне хабарласу қажет.
Күнделікті 60 секундтық сақтық шарасын сақтау әрбір шаңырақты ықтимал қауіптен аман алып қалады. Қарапайым ережелерді орындау қиын емес, ең бастысы – мұқияттылық пен жауапкершілік.





