Қазақстан мен Франция су ресурстары, гидротехникалық инфрақұрылым, ирригация жүйесі, суару каналдары және су үнемдеу технологиялары бойынша бірлескен ауқымды бастаманы жүзеге асыруға кірісті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпарттық порталы.
Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі белгілі француздық CarpiTech Hydroplus кәсіпорнымен еліміздің гидротехникалық нысандарына заманауи еуропалық озық тәжірибені енгізу жөніндегі келісімге ресми қол қойды. Салтанатты жиынға Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімов қатысып, әріптестіктің нақты кезеңдерін белгіледі. Халықаралық әріптестік аясында алдымен арнайы таңдап алынған гидротехникалық ғимараттардың техникалық құжаттарына жан-жақты сараптама жүргізіледі. Сонымен қатар отандық инженерлер мен техникалық қызметкерлерге арналған тәжірибелік оқыту семинарлары ұйымдастырылып, жаңа технологияларды пилоттық түрде сынақтан өткізу үшін кемінде 2-3 ірі бөгет пен 1-2 негізгі суару арнасы іріктеледі.
Оқырманға түсінікті тілмен айтқанда, CarpiTech Hydroplus ұсынатын басты жаңалықтың бірі геомембраналық жабын төсеу болып табылады деген қате ұғымнан арылып, оны жергілікті арналардың ерекшелігіне сай гидрооқшаулағыш қорғаныш қабаты деп ұққан жөн. Көптеген жылдар бойы еліміздегі ескірген каналдар арқылы тасымалданатын тіршілік нәрінің 40-50 пайызы жерге сіңіп немесе буланып, босқа ысырап болатын. Ал берік полимерлі материалдан жасалатын арнайы төсеніштер судың топыраққа сіңуіне жол бермейді, оған қоса бөгеттерді су шайып кетуден қорғап, апаттық қауіп-қатерді барынша сейілтеді. Жоба шеңберінде су тораптары толық автоматтандырылып, цифрлық бақылау мен ғарыштық мониторинг жүйелері енгізіледі. Осы оң өзгеріс алдағы уақытта республика бойынша тозығы жеткен өзге де су шаруашылығы құрылыстарын қайта түлету кезінде негізгі үлгіге айналады.
Жазғы маусым айында басталған келіссөздердің нақты шешімдерге ұласуы мемлекеттің су қауіпсіздігін нығайтуға серпін береді. Жобаның басты артықшылығы отандық өндіріспен тікелей байланысында жатыр. CarpiTech Hydroplus компаниясының Жамбыл облысында өз зауыты мен өндірістік базасы бар, яғни қажетті құрылыс материалдары мен жабдықтарды алыстан тасымалдамай, тікелей жергілікті орында өндіруге мол мүмкіндік бар. Нәтижесінде қаржы үнемделіп, жергілікті мамандарға жаңа жұмыс орындары ашылады әрі шетелдік инженерлерден озық өндірістік тәжірибе қабылданады.
Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімов жиын барысында:
«Бізді CarpiTech Hydroplus компаниясының Қазақстанның су шаруашылығы нысандарында өз технологиялық шешімдерін енгізу жөніндегі ұсынысы қызықтырды. Компанияның Жамбыл облысында өз өндірістік базасы, яғни зауытының болуы да – біз үшін үлкен артықшылық. Француз делегациясымен қол қойылған құжаттарды жалпы ынтымақтастықтан нақты жобаларды іске асыруға көшуге мүмкіндік беретін практикалық құрал ретінде қарастырамыз», – деді.
Еліміздің аграрлық әлеуеті мен диқандардың берекелі өнім жинауы сенімді су арналарының болуына тікелей тәуелді. Қазақстан мен Франция арасындағы стратегиялық әріптестік диқандарды суармалы сумен тұрақты қамтамасыз етуге, аймақтардағы су шығынын азайтуға және экологиялық тұрақтылықты сақтауға кең даңғыл ашады.





