Астанада Нидерландының Deltares ғылыми институты әзірлеген wflow гидрологиялық модельдеу жүйесі бойынша арнайы тренинг өтіп жатыр. Оқыту Су ресурстары және ирригация министрлігі, Нидерланды корольдігінің Қазақстандағы елшілігі және Shell Kazakhstan компаниясының қолдауымен ұйымдастырылған.
Заманауи бағдарламалық қамтамасыз ету су бассейндеріндегі гидрологиялық процестерді толық модельдеуге мүмкіндік береді. Оның көмегімен су тасқынын алдын ала болжау, өзендер мен жерасты суларының қорын бағалау, су қоймаларының әсерін есептеу сияқты күрделі процестер сандық модель арқылы талданады.
Тренинг барысында қатысушылар wflow жүйесінде практикалық жұмыс жүргізіп, Ақтөбе облысындағы Елек өзені бассейнінің деректері негізінде бірнеше сценарийді есептеп көреді. Олардың қатарында:
– «табиғи» және «реттелетін» ағын режимдерін салыстыру
– су қоймаларын модельге қосу арқылы өзен ағынын басқару
– модельдерді калибрлеу
– климат өзгерісінің ықпалын есептеу
Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимовтың айтуынша, мұндай тренингтер су тасқыны қаупін болжау және басқару қабілетін дамытуға мүмкіндік береді:
«Нидерланды – гидрологиялық процестерді модельдеу мен болжаудың әлемдік көшбасшысы. Қазақстан мамандары үшін голландиялық тәжірибені меңгеру аса маңызды. Цифрлық технологияларды енгізу, ғылыми ынтымақтастық және кәсіби дағдыларды дамыту бағытында ортақ жұмыс жалғасады», – деді ол.
Айта кетейік, былтыр Су ресурстары және ирригация министрлігі Нидерланды Сыртқы істер министрлігі және Делфттегі Су білім беру институтымен (IHE Delft) меморандумдарға қол қойған. Ынтымақтастық аясында тасқын қаупін басқару, су ресурстарын тиімді пайдалану, жаңа технологияларды енгізу және мамандарды даярлау мәселелері қамтылған.





