Табиғат – өміріміздің тірегі, ал оны қорғау әрбір адамның күнделікті міндетіне айналуы тиіс. Өкінішке қарай, соңғы жылдары орман өрті мен қоршаған ортаның ластануы табиғатқа зор зиян келтіріп отыр. Бұл апаттар тек экожүйені бұзып қана қоймай, жануарлар тіршілігіне, ауа сапасына және адам денсаулығына тікелей әсер етеді.
Орман өрті көбіне адамның немқұрайдылығынан туындайды. Құрғақ шөптің үстіне тасталған темекі қалдығы немесе өшпей қалған от бір сәтте үлкен өртке ұласуы мүмкін. Сондай-ақ ормандағы шыны бөтелкелер күн сәулесін линза сияқты жинап, өздігінен от тұтандыруы да ықтимал. Яғни, қарапайым көрінетін ұқыпсыздық үлкен апаттың себебі бола алады. Сондықтан табиғат аясында серуендегенде әрбір от ошағын толық сөндіріп, қауіпті заттарды қалдырмау міндет.
Қоқыс тастау мәселесі де экологияға елеулі зиян келтіреді. Пластик пен шыны ыдыстар ондаған жылдап шірімей, топырақты ластап қана қоймай, жануарлардың өміріне қауіп төндіреді. Егер әр адам өз қоқысын жинап кетсе, табиғаттың тозуы күрт азаяр еді. Бұл тазалықтан бұрын болашақ ұрпаққа қиянат жасамау үшін қажет.
Табиғат-ананы аялау кішкентай ғана әрекеттерден басталады. Өрт қауіпсіздігін сақтау, қоқыс тастамау, орманды таза күйде ұстау – бар болғаны бірнеше ереже, бірақ олардың пайдасы орасан. Біз қоршаған ортаны қорғасақ, табиғат та бізге таза ауа, мөлдір су және тыныш өмір сыйлайды.
Руслан Ноғайбаев,
«Қапал орман шаруашылығы» КММ-нің Ақсу Арасан
2-ші шеберлігінің 11 айналымының орман күтушісі





