Облыста табиғи ландшафты сақталған саябақ барын бірі білсе, бірі білмес. Ол – саялы Сарқандағы «Қойтас» саябағы. Жол түссе міндетті түрде барып, көзбен көріп, бір демалып қайтатын-ақ жер екен. «Мың рет естігенше, бір рет көр» деп біз де сол маңға ат басын бұрдық.
Саябақтағы қойтастар – табиғаттың ерекше бір сыйы. Әртүрлі пішіндерімен ерекшеленіп тұратын тастарға қарасаңыз, құдды кең жайлаудың етегінде жайылып жүрген қойларды көргендей боласыз. Сондықтан да бұл тастарды сарқандықтар Қойтас атап кеткен. Бұндай қойтастарды тек Сарқан ауданынан ғана кездестіруге болады.
Сарқырап ағып жатқан Сарқан өзенінен өтетін аспалы көпір арқылы аумағы 6 гектарды құрайтын «Қойтас» саябағына аяқ басасыз. Кіреберісінде өзен жағалауымен оң және солға жүретін «Денсаулық» жағажайында арнайы серуен алаңы жасалған. Демалыс орнына «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде өсетін әдемі ағаштар отырғызылып, оны мекендейтін жануарлардың мүсіндері де орнатылған.
Жаяу жүргіншілер жолы, скейтборд, балалар мен спорт алаңдары, орындықтар, беседкалар, субұрқақ, жарқыраған шамдар саябақ ішіне ерекше сән беріп тұр. Бейнебақылау камералары да орнатылған. Мұнда түрлі мәдени-бұқаралық, мерекелік іс-шара өткізуге арналған 400 адам сыятын амфитеатр да бар.
– «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында «Қойтас» саябағында 1100-ге жуық қарағай, туя, көгілдір шырша және басқа да ағаш түрлері мен бұталар отырғызылды. Жалпы саябақта екі шолу алаңын салдық. Оның біреуі саябақты, екіншісі Жоңғар Алатауын көруге мүмкіндік береді. Екінші шолу алаңы таудың фонында фотосуретке түсетін аймақ ретінде де танымал. Жалпы біз өңірге туристер тартуда «Жоңғар Алатауы» ұлттық паркімен бірлесіп жұмыс істеп келеміз. Алдағы уақытта Сиверс алмасын отырғызсақ деген жоспар бар. Тұтас алғанда бұл жер болашақта шағын ботаникалық баққа айналады. Саябақтың сұлулығын тамашалау үшін үшінші шолу алаңын салып жатырмыз. Демалушылар үшін парк аумағында кәсіпкерлер арнайы сауда нүктелерін де қарастырған. Бірақ біз кәсіпкерлерге ішімдік сатуға болмайтынын айтып, қатаң талап қойдық. Бұл табиғи саябақ арқылы еліміздің мәдени байлығын, толымды тарихын ұрпақтан ұрпаққа жеткізуіміз керек, – дейді Сарқан қаласының әкімі Амантай Орынбеков.
Саябаққа жануарлардың, ұлттық аспаптардың, ертегі кейіпкерлерінің мүсіндері, жалпы саны 11 кіші архитектуралық форма қойылған. Жасыл желектің жайнап өсуі үшін тамшылатып суару жүйесі іске қосылған. Келер жылы үлкен автотұрақ салу және жыл бойы пайдаланылатын сырғанақ салу жұмыстары қолға алынбақ.
Бос уақыттарында саябаққа асығатын ауданның жалынды жастары осындай заманауи саябақ салып, жастарға көңіл бөліп жатқан басшыларға алғыс айтып, саябаққа тағы да бейнекамералар орнатса деген тілектерін жеткізді. Жергілікті атқарушы орган бұл ұсыныс-тілекті қабылдап, алдағы уақытта жүзеге асыратындықтарын айтты.
Саябақтың ең құнды дүниесі – тастары. Тұрғындар қойдай болған тастардың жатқанына ғасыр болды деседі. Біз табиғаттың ерекше сыйы күні бүгінге дейін қаз-қалпында сақталғанына қуандық.
Еңлік Кенебай,
Сарқан ауданы





