Облыстың табиғи-климаттық жағдайы да егін мен мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндік беріп отыр. Қаратал, Ақсу, Лепсі, Көксу өзендері мен суармалы алқаптар диқандардың мол өнім алуына қолайлы жағдай жасайды. Нәтижесінде дәнді дақылдар, қант қызылшасы, жүгері, майлы және мал азығы дақылдары кеңінен өсіріледі. Әсіресе, Жетісу қант қызылшасын өсіруде республика бойынша жетекші аймақтардың бірі. Соңғы жылдары бұл бағытқа ерекше көңіл бөлініп, егіс көлемі ұлғайып, заманауи агротехнологиялар енгізілуде.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында шаруаларға тұқым, тыңайтқыш, техника алу сияқты түрлі жеңілдік қарастырылып, өнімділік артып келеді. Мал шаруашылығы да облыс экономикасында маңызды орын алады. Оған жердің ірі қара, ұсақ мал және жылқы өсіруге ыңғайлы екені дәлел. Ауылдық жерлерде асыл тұқымды мал басын көбейту, ет және сүт бағытындағы шаруашылықтарды дамыту жолға қойылған. Шағын және орта шаруашылықтармен қатар, ірі тауарлы фермалар саны да жыл санап артып келеді.
Осындай жақсы жағдайлар ауыл шаруашылығының жалпы өнімін 2030 жылға дейін екі есе арттырып, агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру және оны жоғары технологияға негізделген озық сала ретінде дамытуға септігін тигізбек. Соңғы жылдары саланы қолдау мақсатында жаңа несие, лизинг бағдармалар қабылданып, бюджеттен қомақты қаражат бөлінуде. Биыл агросубъектілерді қолдауға мемлекет тарапынан 61,2 млрд. теңге қаражат бөлінді, оның 25,2 млрд. теңгесі субсидия, 24 млрд. теңгесі жеңілдетілген несие, 12 млрд. теңгесі лизингтік бағдарламалар.
Нәтижесінде 545 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынып, машина-трактор паркін жаңарту үлесі 6,8%-ға жетті. Су үнемдеу технологиясын енгізу 1,4 есе, минералды тыңайтқышты қолдану көлемі 1,2 есеге ұлғайды. Биыл облыс диқандарының қажырлы еңбектерінің арқасында 510,7 мың гектардан 2,0 млн. тонна ауыл шаруашылығы дақылдары жиналды.
Ал, қант қызылшасы, дәндік жүгері, майбұршақ дақылдарының өндірісі бойынша республикада алдыңғы қатардамыз. Еңбек адамдары алдағы жылдары да аймақтағы ауыл шаруашылығы саласының дамуына, азық-түлік қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуіне өз үлестерін қосып, берекелі істі жалғастыра бермек.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА
Қажет АНДАС





