Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Алишер Бекмустафаев Алматы облысының үздік еріктісі атанды. Алишерге диплом және 500 мың теңге көлеміндегі ақшалай сертификат табысталды. Бұл туралы Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бикен Римова атындағы драма театрында облыс әкімінің «Асыл жүрек» сыйлығын алғандар салтанатты түрде марапатталған еді. Жеңімпаздарға облыс әкімі тағайындаған «Асыл Жүрек» сыйлығы табысталды. Ең белсенді волонтер атағына ие болған 50 еріктінің ішінде «Біргеміз: Білім-2020» жобасының белсенді қатысушысы, мектеп волонтерлер клубының президенті Алишер Бекмустафаев та бар. Ол «Asyl Júrek: білгенімен бөліскен» номинациясының үздігі атанды.
Алишер 9 ай бойы «Біргеміз: Білім» ұлттық білім беру жобасының волонтері ретінде Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылар тобымен бірге Алматы облысының ауылдық жерлеріндегі орта мектеп оқушыларына ҰБТ-ға дайындық, ағылшын тілі, компьютерлік және құқықтық сауаттылық сабақтарын онлайн түрде өткізді.
— Біздің жоба үздіктер тізіміне енгеніне қуаныштымын. Біз ауыл мектептерінің оқушыларына үлкен қызығушылықпен бағдарламалау тілін оқыттық. Біздің курс пайдалы болды деп үміттенемін және біз балаларды IT-технологиялар саласына қызықтырдық деген ойдамыз, — деп 10-сынып оқушысы Алишер Бекмустафаев өз пікірімен бөлісті.
«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»





