Жетісу облысының орталығында ҚР ардагерлер ұйымы қоғамдық бірлестігі қалалық филиалының пленумы өтті. Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзілдің қатысуымен өткен басқосуда ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақшабай Керімбеков өткен жылғы атқарылған жұмыстар баян етіп, биылғы жылдың тың жоба-жоспарларын таныстырды.
Кеңес төрағасының сөзінше, бүгінде Талдықорған қаласында 26 мыңға жуық зейнеткер тұрады. Оның үшеуі Ұлы Отан соғысының ардагері болса, 800-ден астам адам соғыс ардагерлеріне теңестірілген тыл еңбеккерлері. Сондай-ақ, 7 филиал 4 сала бойынша құрылған орталықтарға біріктірілген.
Сондай-ақ, қалалық ардагерлер ұйымының басқару құрамында 39 кеңес мүшесі, 13 төралқа және 7 адамдық тұрақты қоғамдық комиссиядан құрам тапқан. Қаладағы зейнеткерлерді қоғамдық іс-шаралармен мүмкіндігінше қамту үшін 14 аймақтық ардагерлер ұйымы жұмыс жасайды. Осыған сәйкес, ұйымның негізгі міндеті – береке-бірлікті бекемдеп, жастарға тағылымды тәрбие берумен қатар, ұлттық салт-дәстүр сабақтастығын жалғастырып, қарттарға көмек көрсету. Мәселен, әр жылы ұйым қаражаттың тапшылығына қарамастан аймақтағы бірқатар мекеме орындарының қолдауымен түрлі қайырымдылық шараларға белсене атсалысып келеді. Жеңіс күні қарсаңында қалалық ардагерлер кеңесінің ұсынысымен соғыс ардагерінің әрқайсысына қаржылай көмек көрсетіліп, майдангерлермен аймақтағы белгілі қоғам қайраткерлерінің есімін ел есінде қалдыру мақсатында олардың қаладағы тұрған үйінің қабырғасына ескерткіш тақта орнату жұмыстары жалғасуда. Сонымен бірге, бүгінгі күнге дейін қаладағы ардагерге түрлі азық-түлік пакеттері таратылып, көтеген тегін дәрі-дәрмек үлестірілген.
– Ардагерлер ұйымының басты мақсаты – ҚР Президентінің «Жаңа Қазақстан құру» бастамасына сай айқындалған міндеттерді орындау, атқарылатын іс-шаралардың мазмұнын кеңейтіп, кеңес мүшелерінің белсенділігін арттыру. Сондай-ақ, өскелең ұрпаққа ата-бабалардың бай тарихын, мұраларын, тәжірибелерін жеткізу. Мұндай жұмыстар үнемі жалғасын тауып, аймақтағы ақын-жазушы, басқа да елге танымал тұлғалардың мерейтойлық іс-шараларын өткізу үнемі күн тәртібінен түспей келеді. Қазір ұйымның басында тұрған бір қиындық жыл сайын ардагерлер ұйымына бөлінетін азғантай қаражат тендер деген теңсіздікке түсіп, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жүр. Осыған байланысты жергілікті басшылар бір амалын қарастырса,– деген ұйым мүшелерінің өтінішін жеткізді кеңес төрағасы.
Осыдан соң жеке-жеке сөз алған ардагерлер алда атқарылатын істер жайында өздерінің құнды ой-пікірлерімен бөлісті. Сөз кезегінде қала әкімі Ернат Дүйсенбекұлы қазіргі аға буын өкілдерінің жастар тәрбиесінде, оларды Отансүйгіштікке баулып, салт-дәстүр сабақтастығын қайта жаңғыртуда қосып отырған үлесінің ерекше екенін айрықша атап өтті.
– Бүгінгі таңда аймақта өтетін көптеген маңызды іс-шаралар сіздердей ақылшы ардагерлерміздің бастамасымен қолдауларының арқасында жүзеге асуда. Сіздер еңбектеріңіздің зейнетін көріп отырған осы бір шақта ұрпақтарыңызға игілік пен ізгіліктің, пайым-парасаттың үлгісін танытудан еш жалыққан емессіздер. Сонымен бірге қаламыздың өсіп-өркендеуіне қосқан үлестеріңіз бен еңбектеріңіз ерен. Сіздердің басқан өмір жолдарыңыз – бүгінгі ұрпақ үшін үлгі-өнеге. Сондықтанда сіздерге айтар алғысымыз шексіз. Әрі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында өтетін жобаларға әрқашан қолдау көрсетілетін болады,– деді шаһар басшысы.
Айдын КӘЛІМХАН