Биыл Жетісу облысының орталық базар маңындағы Біржан сал көшесіне заман талабына сай абаттандыру жұмыстары жүргізілмек. Осыған байланысты Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл аталған аумақта үнемі жабайы сауда-саттықпен айналысып жүрген саудагерлерді қабылдады.
Кездесу барысында зат сатушылар Біржан сал көшесінің абаттандырылуына қатысты жобаны қайта қарауды талап етіп, одан әрі жабайы саудамен айналысуға рұқсат беруді өтінді. Әрі өздерінің ол көшелерден басқа аумаққа көше алмайтындарын жеткізді.
Өз кезегінде қала әкімі ұзақ жылдар бойы жаяу жүргіншілер жолын жабайы сауда алаңына айналдырып келген бұл саудагерлерге заң аясында жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жол жиегінде сауда жасайтын азаматтардың мәселесін шешудің тиімді жолдарын ұсынды. Мәселен, қала аумағынан оларға 3 арнайы орын бөлініп, үш айға дейін жалдау ақысын төлемей жұмыс істеуге мүмкіндік берілетінін айтты.
– Биыл қаланың орталық базар маңындағы Біржан сал және Төлебаев көшелерінің жаяу жүргіншілер жолдарына абаттандыру жұмыстары басталады. Бұдан бөлек, ол жердегі 10 жылдан аса жөндеу көрмеген Арбат демалыс аймағы да қайта жаңғыртылмақ. Осыған байланысты аталған аумақтағы жол жиегін өз бетінше сауда алаңына айналдырып алғандар түгел көшіріледі. Ал, қала орталығында жабайы сауда мәселесі әлі де өзекті. Қазір осы мәселені оңтайлы шешу мақсатында жүйелі жұмыстар қолға алынып, ретке келтірілуде. Оның үстіне ашық жерде сатылатын азық-түліктің сапасы мен қала тазалығына аса мән беруіміз қажет. Ең бастысы – тұрғындардың денсаулығы. Сондықтан да орталықта орналасқан жабайы сауда нысандарына қатысты заң аясында тиісті шаралар қабылданып, бұл мәселе бір жүйеге келтірілетін болады,– деді шаһар басшысы.
Жергілікті тұрғындарының сөзінше, жабайы саудамен күрес Талдықорғанға облыс орталығы мәртебесі берілген 20 жылдан астам уақыттан бері еш шешімін таппай келе жатқан күрделі мәселелердің бірі. Әр келген әкім бастабында базар аумағын реттеуге уәде беріп, білек сыбана кіріскенімен, соңы аяқсыз қалып жүр. Қазір «Әлдибек» сауда үйінің алдындағы бірқатар сауда дүңгіршектері алынып, Қабанбай батыр көшесінің біраз бөлігіндегі жол жиегі кеңейтілгенімен, қанаттас Біржан сал, Шевченко, Гауһар ана және Дайыров көшелерінің бойында жаяу адам жүретін жол да жоқ. Бұл аумақтардағы жолдың екі жағасына тізілген түрлі жеміс-жидектер мен басқа да тауарлардан аяқ алып жүргісіз. Тіпті, саудагерлер жаяу жүргіншілер жүретін жолға дейін иеленіп алған. Оның үстіне сол маңға иін тірестіре қойылған сатушылардың және такси жүргізушілерінің көліктерінен жұрттың базарға кіріп шығуының өзі мұң. Мұндай келеңсіздіктер жойылып, базар аумағы ретке келтірілсе тазалыққа да, сатушылардың өзіне де, өзге базаршыл қауымға да қолайлы болмақ.
Айдын КӘЛІМХАН