Бүгінде Жетісу облысында «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы жалғасуда. Осыған байланысты Талдықорғандағы Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапханаға филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Панфилов ауданының құрметті азаматы Анарбай Бұлдыбай өз кітаптарын сыйға тартты.
Аталған шараның басты мақсаты – қоғамда кітап оқуды кеңінен дәріптеп, рухани құндылықтарды қолдау және кітапхана қорын жаңа басылымдармен толықтыру.
Мамандардың мәліметінше, қазір жалпы кітап қоры 200 мыңнан асатын Жетісу облысының орталығындағы С. Сейфуллин атындағы кітапхана жыл сайын көптеген жаңа басылымдармен толықтырылуда. Мәселен, дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан бұл акция аясында 2022 жылы кітапханаға 200 данаға жуық кітап берілсе, 2023 жылы 2400, ал өткен жылы 4 мыңға жуық кітап сыйға тартылып, биыл бұл үрдіс тағы жалғасын табуда.
Кітап табыстау салтанатында сөз алған Анарбай Сағиұлы кітапхана қорына өзінің ғылыми және көркем шығармаларын, сондай-ақ бірқатар құнды әдебиеттерді тарту еткенін тілге тиек ете келіп, кітап баға жетпес рухани қазына екенін айрықша атап өтті.
Кездесу барысында жеке-жеке сөз алған аймақтағы зиялы қауым өкілдері кітаптың қоғамдағы рөлі мен жас буынның әдебиетке деген қызығушылығын арттыру бағытында орны ерекше екенін жеткізді. Сондай-ақ, олар қазіргі қазақ әдебиетінің бағыт-бағдары төңірегінде, шығармашылық жайында құнды ой-пікірлерін ортаға салды. Сондықтан да «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы аясында өткізілген бұл шара рухани мұраны насихаттауға, кітап оқуды қолдауға және ұлт мәдениетін дамыту бағытындағы маңызды бастамалардың бірі ретінде жоғары бағаланды. Шара соңында кітапхана жауаптылары шараға қатысып, акцияға атсалысушыларға өз алғыстарын білдірді.
Айдын КӘЛІМХАН





