Астанада өтетін әскери парадқа қатысатын ұшқыштар күн сайын Сергей Луганский атындағы 604-ші авиациялық база аумағында жаттығуда. Бұл базада екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атанған аты аңызға айналған ұшқыштың есімі зор мақтанышпен аталады, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы.
Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, ұшқыштар Су-30СМ көп мақсатты жойғыш ұшақтарында ұшу, қону және жоғары пилотаж элементтерін орындау машықтарын жетілдіруде. Сонымен қатар Су-30СМ ұшағының ТУ-154М лайнерімен қатар ұшуы да пысықталып жатыр.
– Жеңіс шеруіне Талдықорған мен Шымкент қалаларынан 12 ұшақ, 24 ұшқыш және 150-ге жуық инженерлік-техникалық маман қатысады. Бұл – іріктеліп алынған, арнайы дайындықтан өткен ең үздік мамандар, – деді 21751 әскери бөлімінің командирі, полковник Әбдімәжит Жанахметов.
Авиациялық база басшылығы дайындық бекітілген кесте мен жоспарға сәйкес жүріп жатқанын атап өтті. Жаттығу барысында ұшу бағдарламасының әрбір элементі мұқият пысықталып, ұшқыштардың техникалық және кәсіби шеберлігі сыналады.
Бұл жаттығулар мен әуе көрсетілімдері Қазақстанның әуе қорғаныс күштерінің әлеуетін, әскери авиацияның мүмкіндігін және ұшқыштардың кәсібилігін паш етуге бағытталған.
Жеңістің 80 жылдығына арналған бұл парад – ел үшін ғана емес, ұрпақ санасында отансүйгіштік пен тарихи жадыны жаңғыртатын үлкен маңызға ие оқиға болмақ.
Фото: gov.kz





