Талдықорған қаласындағы Рақышев пен Уәлиханов көшелерінің қиылысында тағы да жол апаты тіркелді. Бүгін осы қиылыста Toyota Camry мен Toyota Land Cruiser Prado көліктері қақтығысып, жол-көлік оқиғасы болды.
Дәл осы қиылыстағы апат бірінші рет емес. Осыдан 1-2 жыл бұрын бұл қиылыста қатты жылдамдықпен жүрген көлік жаяу жүргіншіні қағып, адам өлімімен аяқталған трагедия болған еді.
Осы оқиғадан кейін қиылыстың қауіпсіздігін арттыру мақсатында жасанды кедергілер орнатылды. Соған қарамастан жол ережесін сақтамау және жылдамдықты асыру мәселесі әлі де өзекті.
Аталған қиылыстың жанында балабақша, дүкендер мен медициналық орталық орналасқан, сондықтан жаяу жүргіншілер мен көліктердің қозғалысы қарқынды.
Бүгінгі апаттың мән-жайына келсек, Toyota Land Cruiser Prado көлігі Toyota Camry-ге соқтығысып, қарсы бағытқа шығып кеткен. Соққының күшті болғаны соншалық, Prado көлігі сегізінші үйдің қабырғасына, Camry қиылыстан 200-300 метр қашықтыққа барып тоқтаған. Суреттерден Camry-дің артқы бөлігі, жүк салғышы мен артқы салоны толығымен қирағаны анық байқалады.
Мұндай зақымға әкелу үшін соқтығысқан көліктің жылдамдығы өте жоғары болғаны айтпаса да түсінікті.
Жылдамдықты асыру – Қазақстандағы жол апаттарының басты себептерінің бірі. Статистикаға сүйенсек, 2024 жылы елімізде 31 597 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 2 579 адам қаза тапқан. Талдықорғандағы бұл қиылыс сияқты қауіпті аймақтарда жол ережелерін қатаң сақтау және жылдамдықты бақылау шараларын күшейту қажеттілігі тағы да айқындалды.
Қазіргі уақытта апаттың себептері мен зардап шеккендер туралы толық ақпарат анықталуда. Алайда бұл оқиға жол қауіпсіздігіне бей-жай қарауға болмайтынын және тиісті шараларды дереу қолдану керектігін ұқтырады. Жергілікті билік пен полициядан қосымша бақылау камераларын орнату, жол белгілерін жаңарту және жүргізушілердің жауапкершілігін арттыру бойынша шұғыл шаралар қажет.
Мәулен Әнербай
Суреттерді түсірген автор
Ескерту: Апаттың нақты мән-жайы мен зардаптары туралы ресми ақпарат алынған соң, жаңалық толықтырылады.





