Жаңа жыл қарсаңында талдықорғандық 14 отбасы баспаналы болды. Жаңа пәтерлер тұрғын үй кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік осал тобы санатындағы азаматтарға берілді.
Тұрғын үй кілтіне ие болғандардың қатарында көпбалалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған және ата-аналарынан айырылған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар да бар.
Жиналған жұрт алдында сөз алған Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл жаңа қоныс иелерін жүрекжарды қуанышымен құттықтап, пәтер кілттерін табыс етті.
– Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында: «Мемлекет әр азаматтың лайықты және сапалы өмір сүруіне жағдай жасай береді», – деп атап айтқан болатын. Осы тапсырманы орындау аясында Талдықорған қаласында тұрғындардың тұрмысын жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда облыс әкімі Бейбіт Өксікбайұлының қолдауымен қалада жалдамалық және несиелік тұрғын үйлер салу үрдісі қарқынды. Соның нәтижесінде биыл жыл басынан бері тұрғындарға 218 несиелік, 409 жалдамалық тұрғын үй беріліп, барлығы 627 отбасы баспаналы болды. Мұндай қолдаулар бұдан былай да жалғасады, – деді шаһар басшысы.
Қала әкімінің сөзінше, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету – бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің бірі. Қазір Талдықорған қаласы бойынша 16 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тұр. Осыған байланысты жыл сайын 2 мыңға жуық адамды тұрғын үймен қамту жоспарланған. Осылайша алдағы бірнеше жылда кезекте тұрған азаматтардың басым көпшілігін баспанамен қамту көзделген.
Айдын КӘЛІМХАН





