Жетісу облысының орталығында абаттандыру ісі бойынша ауқымды жұмыстар жасалуда. Соның нәтижесінде Талдықорған қаласына қарасты «Үйтас» саяжайында жаңа жаяу жүргіншілер жолы қолданысқа берілді.
Жауаптылардың сөзінше, бұрын Талдықорған қаласы маңындағы саяжай тұрғындары жүрер жол, түнгі жарық, ауыз су, газ, кәріз жүйесіне қосылу және қоғамдық көлік санын арттыру бойынша жиі шағымданатын. Осыған сәйкес жыл басында қала әкімі Ернат Бәзілдің «Үйтас» тұрғындарымен кездесуінде жолдарға асфальт төсеу, жарықтандыру бойынша бірқатар өзекті мәселе көтерілген еді. Көп өтпей шаһар басшысының тапсырмасымен аталған аумаққа жаяу жүргіншілер жолы салынып, жарық шамдары орнатылған.
Сала мамандарының мәліметінше, биыл бұл бағытта Жетісу облысының орталығында атқарылып жатқан жұмыстар көп. Осыған дейін қалада 60-қа жуық аула абаттандырылып, 39 тұрғын үйдің шатыр жабындысы мен 20 үйдің қасбетіне жаңарту жұмыстары жүргізілген. Соның ішінде «Жетісу» шағын ауданында 34 көпқабатты тұрғын үй мен 22 аула бар. Аталған аулалардың 11-і толық жаңартылып, Республика күніне орай қолданысқа берілсе, қалғаны 2026 жылдың еншісінде. Ал орташа жөндеу жұмыстары аясында Үйтас саяжайындағы жалпы ұзындығы 207 метр болатын тротуарға жабынды төселіп, №23 және №16 бағытындағы автобус маршруттарының соңғы аялдамалары ретке келтірілген. Сонымен қатар қазір ондағы жолдарға толық асфальт төселіп, саяжайға баратын көпір өткелінің жан-жағына қоршау жұмыстары жүргізілуде.
Сөз кезегінде, саяжайға бұл жолдың салынуы мен жарықтандырылуын көптен күткен аталған аймақ тұрғындары өз ризашылықтарын білдіріп, жергілікті билік басшыларына айрықша алғыстарын жеткізді.
Айдын КӘЛІМХАН






