24 маусым күні Жетісу облысында ауа райы күрт ысып, кей өңірлерде найзағай ойнап, өткінші жаңбыр жаууы мүмкін. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК мәлімдеді, , – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Синоптиктердің болжамынша, облыстың таулы аудандарында өткінші жаңбыр жауып, найзағай күтіледі. Сонымен қатар солтүстік-батыстан соққан желдің бағыты оңтүстік-батысқа ауысып, облыстың солтүстігінде, шығысында және таулы аймақтарында екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді. Кей уақыттарда желдің жылдамдығы 23-28 метрге дейін күшеюі ықтимал.
Күндіз облыс аумағында ауа температурасы 35-38 градусқа дейін көтеріліп, қатты ыстық болады деп күтілуде.
Мамандар өңірде өрт қаупінің де жоғары деңгейде сақталып отырғанын ескертеді. Атап айтқанда, облыстың орталық, солтүстік және оңтүстік бөліктерінде жоғары өрт қаупі байқалса, шығыс және батыс аудандарында төтенше өрт қаупі сақталады.
Ал Талдықорған қаласында күндіз ауа температурасы 35-37 градусқа дейін көтеріліп, қатты ыстық болады. Қала аумағында да жоғары өрт қаупі сақталып отыр.
Осыған байланысты тұрғындарға күннің ең ыстық уақытында ұзақ уақыт сыртта жүрмеуге, өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға және табиғат аясында от жақпауға кеңес беріледі.





