Жетісу облысының орталығында халқымыздың «Хан батыры» атанған Қаракерей Қабанбайға және Ескелді би, Қабылиса жырау, Балпық би сынды үш атаға арналған ескерткіштер абаттандырылып, жаңартылды.
Республика күні қарсаңында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында қайта жаңғыртылған еңселі ескерткіштерді шаһар басшысы аймақ ардагерлері және өңірдегі зиялы қауым өкілдерімен бірге аралап, бабалар рухына тағзым етті. Осы орайда елге амандық, жерге тыныштық тілеген қариялар қазіргі қала аумағында атқарылып жатқан әрбір істі жоғары бағалап, өз ризашылықтарын білдірді.
Жиналған қауым алдында сөз алған Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзілұлы ұлтымыздың мақтанышына айналған тарихи тұлғалардың ерлігі елге ұран, ұрпаққа үлгі екенін ерекше атап өтті:
– Біз есімі ел жадында мәңгі қалатын батыр бабаларымыз бен ақын-жырауларымызды мақтан тұтамыз. Олардың қазақ елі үшін салып кеткен даңғыл жолы мен өлшеусіз еңбегін ұрпақтан ұрпаққа дәріптеу – басты парызымыз. Осыған орай, ағымдағы жылы «Үш Ата» және Қабанбай батырдың еңселі ескерткіштері орналасқан аумақты абаттандыру жұмыстарын қолға алып, жаңғырттық. Келер жылы тағы бірнеше тарихи тұлғаның ескерткіштерінің айналасын заман талабына сай жаңартуды жоспарлап отырмыз, – деді Ернат Дүйсенбекұлы.
Сала басшыларының айтуынша, Жетісу облысы аумағында тарих және мәдени мұраға жататын ескерткіштердің саны 1150-ден асады. Оның 881-і — археологиялық, 229-ы — қала құрылысы және сәулеттік ескерткіштер, ал 45-і — сакралды нысандар. Ескерткіштерді негізінен археологиялық, тарихи, сәулеттік және монументтік мүсін өнері ретінде 4 түрге бөлінеді. Қазір Талдықорған қаласы бойынша есімдері елге әйгілі 15 тарихи тұлғаның ескерткіші бар. Соның бірі — 2006 жылы орнатылған, ел бірлігін бекемдеп, жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте халқының азаттығы жолында ерен еңбек сіңірген Ескелді би, Балпық би және Қабылиса жырауға арналған «Үш Ата» ескерткіші. Ал екіншісі — 2010 жылы бой көтерген, әйгілі «Ақтабан шұбырындыдан» кейінгі небір ірі шайқастарға қатысып, «Дарабоз», «Хан батыры» атанған даңқты қолбасшы Қаракерей Қабанбайдың ескерткіші. Осы құндылықтарды көздің қарашығындай қорғап, ұқыптап ұстау — басты парыз. Осыған байланысты тарихи-мәдени мұраларды сақтап, шаһардың кескін-келбетін жақсарту мақсатында, Талдықорған қаласы әкімінің тапсырмасына сәйкес, аталған екі ескерткіштің де аумағы абаттандырылып, айналасы толық ретке келтірілген. Онда жарықтандыру жүйесі, көгалдандыру және демалыс орындары қайта жаңартылып, ескерткіш маңындағы гранит тастар толықтай ауыстырылған.
Айдын КӘЛІМХАН





