Жетісу облысының орталығында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының дін саласы бойынша аймақтық қорытынды жиыны өтті. Талдықорған қаласындағы Тіл сарайында өткен басқосуда өңірдегі аудан, қала мешіт имамдарының биылғы жылы атқарған істері жөніндегі баяндамалары тыңдалды.
Баяндамашылардың сөзінше, биыл мешіттерде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бекіткен жылдық жоспарға сай дін мен дәстүр, оқу-ағарту, оңалту, уағыз-насихат сынды 4 бағыт бойынша жұмыстар қолға алынған. Сондай-ақ жарияланған «Ислам және отбасы құндылығы» жылы аясында дәстүрлі ислам діні кеңінен дәріптеліп, береке-бірлікті бекемдеп, жастарға тура жол нұсқау, халықты ізгі имандылыққа шақыру және түрлі қайырымдылық шараларын атқару бағытында жұмыстар жүргізілген.
Өңірдің бас имамы Керімбек Дәуітовтің айтуынша, қазір мешіт имамдары күнделікті уағыз-насихат жұмыстарын тыңғылықты жүргізумен қатар, көптеген игілікті істерге бастамашы болуда. Мәселен, өткен жылы өңір имамдарының ұйымдастыруымен су тасқынынан зардап шеккен облыстарға қаржылай және азық-түлік, басқа да қажетті заттар жиналып жөнелтілсе, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен құрылған «Зекет» қорының «Ел үлесі – пәтерге» жобасы шеңберінде жыл сайын көптеген мұқтаж адамға баспана тарту етілуде. Сондай-ақ «Мектепке жол» акциясы аясында 1500-ге жуық оқушы мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамтылып, 160 балаға аяқкиім, 50 оқушыға мектеп формасы үлестірілді. Сонымен бірге білім алушы шәкірттерге жамағаттардың қолдауымен қаржылай көмек те көрсетіліп келеді.
– Қазіргі кезде Жетісу облысы аумағында 260-тан астам мешіт бар. Ондағы имамдар ислам дініндегі басты құндылықтарды дәріптеп, жұртқа тура жол көрсетумен қатар, ізгілікті істерге ұйытқы болып, мұқтаж жандарға үнемі қол ұшын созуға белсене атсалысып келеді. Бүгін Жетісу жеріндегі 8 аудан, 2 қаланың аумағындағы мешіт имамдарының жыл бойы атқарған жұмыстары сараланып, еңбектеріне баға берілді. Жалпы атқарылған жұмыстар ауқымды, кемшіліктер болса, алдағы уақытта түзетіліп, тың міндеттер бойынша жұмыстар жасалатын болады, – деді бас имам.
Жиын барысында жыл бойы белсенділік танытып, республикалық деңгейдегі айтулы шараларға атсалысқан, соның ішінде өңірде өткен Құран жарыстарында тынбай қызмет көрсеткен имамдарға арнайы алғыс білдіріліп, олардың алдағы істеріне сәттілік тілeнді.
Айдын КӘЛІМХАН






