Жетісу облысының орталығында жасөспірім ұлдар және қыздар арасында киокушинкай-кан каратэден облыс чемпионаты өтті.
Талдықорған қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, кумитэ бағдарламасы бойынша ұйымдастырылған бұл жарысқа Алматы, Талдықорған, Текелі қалаларымен қатар, өңірдегі Ескелді және Көксу аудандарынан жалпы 200-ден астам спортшы қатысқан.
Чемпионаттың ашылу салтанатында сөз алған Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл жас спортшыларға сәттілік тілеп, ізгі тілегін жеткізді.
– Спорт – денсаулық кепілі. Мұндай турнирлер біздің балаларымыз бен жасөспірімдерімізге мықты, мақсатты және өзіне сенімді болуға көмектеседі. Дене шынықтыру – жеке тұлғаны дамытуға және көшбасшылық қасиеттерді қалыптастыруға апаратын бірден-бір жол. Сол үшін балаларды жастайынан спортқа баулудың орны ерекше, – деді Ернат Дүйсенбекұлы.
Тартымды да тартысты өткен чемпионат қорытындысы бойынша облыстың үздік каратэшілері анықталып, олар арнайы кубок және республикалық жарысқа жолдама табысталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, киокушинкай-кан каратэ – бұл жай ғана спорт емес, құрмет, тәртіп пен рухты тәрбиелейтін философия екені анық.
Айдын КӘЛІМХАН






