Жетісу облысының орталығында Президент Жарлығына сәйкес, 6 және одан да көп баланы өмірге әкелген 32 анаға «Алтын» және «Күміс» алқа табыс етілді.
Шаһардағы Салтанат сарайында өткен басқосуда сөз алған Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл батыр аналарды қуанышымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
– Бала тәрбиелеу – ең ұлы еңбек. Ал ұрпақ тәрбиелеу – ұлт болашағын қалыптастыру. Сіздердің адал еңбектеріңіз бен аналық мейірімдеріңіз – қоғам үшін баға жетпес байлық. Бүгін сіздерге табысталып отырған «Алтын» және «Күміс» алқа тек құрметтің белгісі ғана емес, сіздерге деген ізгі ілтипаттың көрінісі деп білемін. Ұрпақтарыңыздың әрдайым елге сүйікті, Отанға адал азамат болып өсуіне тілектеспін, – деді шаһар басшысы.
Мамандардың мәліметінше, бүгінде 200 мыңнан астам тұрғыны бар Талдықорған қаласында жалпы 6 мыңнан астам көп балалы отбасы тұрады. Бұл жолғы құрметке бөленгендердің арасында 7 ана – «Алтын», 25 ана – «Күміс» алқа иегері атанған.
Өз кезегінде «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» деген даналар тұжырымына сәйкес, әр балаға беретін Алланың өз ризығы бар екенін айтып, «Тәрбиелеп отырған ұл-қыздарымыз болашақта ұлтымыздың білімді де білікті азаматтары болсын» деген аналар билік өкілдеріне өз ризашылықтарын білдірді.
Айдын КӘЛІМХАН





