Жетісу облысының орталығында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар ауқымды. Атап айтқанда, биыл Талдықорған қаласы аумағында 12 мың түп ағаш отырғызылып, 7 мың тоннадан астам тұрмыстық қалдық шығарылған.
Қала әкімі Ернат Бәзілдің жақында ғана өткен баспасөз мәслихатында келтірген дерегінше, қазіргі уақытта облыс орталығын көркейту жұмыстары кең көлемде жүргізілуде. Осыған байланысты биыл қала аумағына 12 мың түп көшет егу жоспарланып, оның 1 800-і көктемде, 10 мыңнан астамы күзгі маусымда отырғызылған. Сонымен қатар, өткізілген сенбіліктер мен басқа да тазалық акциялары шеңберінде аумақтар тегіс тазартылып, шағын аудандарды абаттандыру жұмыстары жалғасуда.
– Бүгінде әсем қаламызды жасыл желекке бай, заманауи әрі таза қалаға айналдыру – біздің басты мақсатымыз. Биыл атқарылған абаттандыру жұмыстары тұрғындардың жайлылығы мен қаланың көркемдігін арттыруға бағытталды. Бұл жұмыстар бұдан былай да кезең-кезеңімен жүйелі түрде жалғаса беретін болады, – деді шаһар басшысы.
Сала басшыларының сөзінше, Ернат Дүйсенбекұлы атап өткендей, қаланы жасыл желекке айналдырумен қатар, қазіргі кезде аймақта абаттандыру жұмыстары да жүйелі жүргізілуде. Мәселен, биыл қаладағы «Жетісу» шағын ауданында 11 аула жан-жақты жөнделіп, жұрт игілігіне берілсе, «Бірлік» шағын ауданында 0,62 гектар аумақты қамтитын жаңа сквер ашылған. Сондай-ақ, «Жеңіс» және Орталық саябақтарының аркалары заман талаптарына сай жаңартылып, Үш ата және Қабанбай батыр ескерткіштерінің маңайы тегіс абаттандырылып, жарықтандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілген. Бұған қоса, ұзақ жылдар бойы жөндеу көрмеген Арбат аумағы заман талабына сай жаңартылып, қала тұрғындарының жайлы демалыс орнына айналдырылса, «Құлагер» шағын ауданында тағы бір жаңа демалыс орны ашылған. Жалпы аумағы 1,2 гектар болатын саябақта автоматты суару жүйесі орнатылып, көгалдандырумен бірге 400-ге жуық ағаш егілген.
Айдын КӘЛІМХАН






