Шара барысында сұрапыл соғыс жылдары майдан даласында күресіп, тылда еңбек еткен 40 ардагерге Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығы бойынша «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» медалі табысталды.
Жиыналған қауым алдында сөз алған шаһар басшысы кезінде дүмпуі дүние жүзін шарпыған сол бір зұлмат жылдары тылда тынымсыз жұмыс жасап, жеңісті жақындатуға өз үлестерін қосқан еңбеккерлердің еңбегін ерекше атап өтіп, ізгі тілегін жеткізді.
– Ұлы Отан соғысында от пен оққа кеудесін тосқан аталарымыз батырлығының арқасында бүгінгі ұрпақ осындай бейбіт күнге жетіп отыр. Тылда еңбек еткен аналарымыздың да еңбегі орасан. Олар жанкештілікпен ер азаматтардың орнын ойсыратпай шаруашылық жұмыстарын ақсатпай жүргізе білді. Сол еңбек ардагерлерінің біразы бүгін осында отыр. Сондықтан да сіздердің елдің дамуы мен өңірлердің өркендеуіне қосқан үлестеріңіз өлшеусіз. Ерліктеріңіз мәңгілік, өскелең ұрпаққа үлгі де өнеге. Біз Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне мың тағзым етеміз. Елі үшін еңіреп өмірден өткен ерлердің есімі жүрегімізде мәңгі сақталады,– деді қала әкімі Ернат Дүйсенбекұлы.
Сөз кезегінде абыз ата, ақ жауықты әжелер өз алғыстарын айтып, ақ баталарын арнады. Осы орайда «Талдықорған әуендері» халықтық фольклорлық этнографиялық ән-би ансамбільінің өнерпаздары соғыс жылдарындағы әсем сазды әндерді шырқап, ардагерлерге мерекелік көңіл күй сыйлады.
Еске сала кетсек, кезінде жер бетінен 27 миллион адамның жанын жалмаған екінші дүниежүзілік соғыс кім-кімге де оңайға соқпағаны белгілі. Осы бір қанды майдан қарулы қақтығысқа сол жылдары ұлан-ғайыр қазақ даласынан 1 жарым миллионға жуық жауынгер аттанса, олардың 90 мыңнан астамы Жетісу өңірінен. Өкініштісі, сол боздақтардың тең жарымынан астамы ұрыс даласында көз жұмған. Бүгінде Талдықорған қаласы бойынша 2 Ұлы Отан соғысының ардагері, 543 тыл еңбеккері және 24 соғыс жесірі тұрады.
Айдын КӘЛІМХАН