Облыс орталығында бой көтеріп жатқан тұрғын үй құрылыстары қарқынды. Осыған сай Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл шаһардағы бірқатар нысанды аралап, жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарымен танысты.
Бұл жолғы нысандарды аралау барысында Ернат Дүйсенбекұлы алдымен шаһардағы «Бірлік», «Құлагер» шағын аудандарында салынып жатқан көпқабатты үйлерді көріп, құрылыс сапасына баса назар аударды. Әрі жауапты мердігер мекеме басшыларына қолға алынған жұмыс сапасына мән беріп, уақытылы аяқтауды ескертті. Осыдан соң «Жастар-3» тұрғын үй алабына салынып жатқан үйлердің жай-күйімен танысып, бірқатар кемшілікті көріп, оларды жедел жоюды тапсырды.
– Құрылыс ең алдымен сапалы болуымен өлшенеді. Себебі тұрғындар бұл үйлерде ұзақ уақыт тұрады. Сондықтан әр баспананың ішкі-сыртқы әрлеуі мұқият орындалуы тиіс. Мердігерлерге айтарым – жұмыстың көлемін емес, сапасын ойлаңыздар. Қандай нысан болса да, талапқа сай, мықты әрі ұзақ мерзімді болуы шарт, – деді қала әкімі.
Шаһар басшысының сөзінше, ел Президентінің тапсырмасына сай мұқтаж жандарды тұрғын үймен қамтамасыз етіп, халықтың өмір сүру сапасын көтеру бүгінде басты күн тәртібінде. Сондықтан өңірде мемлекеттік бағдарламалардың арқасында көптеген оң бастамалар қолға алынған. Соның нәтижесінде биылғы жылдың 9 айында Талдықорған қаласы бойынша 92,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Қолданысқа беріліп жатқан үйлердің біразы жергілікті және республикалық бюджет есебінен салынса, тағы бір бөлігі жеке кәсіпкерлер мен меценаттар тарапынан өз қаражаттарына тұрғызылған.
Ал мамандардың мәліметінше, қазір Талдықорған қаласы бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған адам саны 16 мыңға жуық. Осыған сәйкес облыс әкімінің бастамасымен әр жылы шаһарда 2 мыңға жуық адамға баспана беру көзделіп, алдағы бірнеше жылда кезекте тұрған азаматтардың көпшілігін тұрғын үймен қамту жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін олардың бірқатары қоныс тойын тойлаған.
Айдын КӘЛІМХАН





