Осы орайда ол Жетісу облысының орталығындағы қаланың жол күтіміне жауапты мердігер мекемелерге арнайы барып, ондағы жол құрылымы мен жаяу жүргіншілер жолағын қардан тазалайтын техникаларды және қажетті материалдар қорын көзбен көріп, кейбір жұмыстарды әлі де пысықтау керектігін жеткізді.
Мамандардың мәліметінше, бүгінде Талдықорған қаласына қарасты жолдарды күтіп ұстаудың тиімділігін арттыру, қысқы және жазғы жол жабындары мен тротуарларды абаттандыру бойынша қала 6 ауданға бөлінген. Аталған аумақтарға «Евразияинвестстрой» ЖШС, «SM Group KZ», «Талдықорған Көркейту», «АБС-ЛД Строй» сынды бірнеше жауапкершілігі шектеулі серіктестік қызмет көрсетеді.
– Біз қысқа дайындық шарасын әлі де пысықтай түсуіміз керек. Бүгін аймақтағы қала тазалығы мен жол күтіміне жауапты орындарды аралап, барлық техникалардың дайындығы мен инертті материалдар қорын көріп шықтым. Қазір қаламызда қыс маусымына қажетті 119 бірлік техника, 5 360 тонна құм және 1 652 тонна тұз дайындалған. Сондықтан тексеру нәтижесіне сәйкес, Талдықорған қаласы алдағы қыс маусымына толықтай дайын деуге болады, – деді шаһар басшысының орынбасары.
Айдын КӘЛІМХАН





