Қазаққа аянбай қызмет еткендерге құрмет көрсетілуі тиіс. Құрметтелуі тиіс тұлғалардың қатарында Жетісудың төл перзенті, күллі қазақ баласын ертегіші балаға еліттірген Сайын Мұратбеков те бар. Дейтұрғанмен, қаламгер туған өлкеде бір көше жоқ, есесіне қазақ хандығын қан қақсатып, тарихта «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғасын қасіретпен із қалдырған Жоңғар көшесі бар. Бұл әлеуметі әлеуетті, сәулеті келісті Жетісу аймағында да, облыс орталығы Талдықорған қаласына да сын.
Сол сын Талдықорған қаласы әкімінің алдынан екінші мәрте «көлденең көкаттыдай» шығып отыр. Жуырда БАҚ өкілдеріне қаланың бүгінгі тынысы мен дамуы жайын баяндаған Ернат Бәзіл былтыр да осы сынмен бетпе-бет кездескен. Сондағы жауып «жоспарлап отырмыз». Бақсақ, жоспардың орындалуына біршама уақыт керек екен.
Қала әкімі қаланың экономикалық әлеуеті артқанын ақжолтайлады. Сөзіне сенсек, экономиканың нақты секторында айтарлықтай өсім байқалады. Жыл соңына дейін 85 млрд. теңге инвестиция тарту жоспарланған, өсім 104%, оның ішінде 53 млрд. теңге – жеке инвестициялар. Өнеркәсіптік өнім өндірісі 174,4 млрд. теңгеге жетіп, 101% өсім көрсетті.
Биыл «Стальбетон» газобетон блоктары зауыты, әуе желілеріне арналған электр жабдықтарын шығаратын «DENK» зауыты, «Дәмді» кондитерлік цехы секілді ірі жобалар іске қосылған. Сондай-ақ, «Алмаз Керамикс» және «Қайнар-АКБ» зауыттарында жаңа желілер пайдалануға берілді. Нәтижесінде қалада шамамен 400 жаңа жұмыс орны ашылған.
Шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау аясында 2,8 млрд. теңге сомасына 49 жоба қаржыландырылыпты. Нәтижесінде бұл салада 39 мыңнан астам жұмыс орны қалыптасқан.
Қала құрылысы да қарқынды. Дәулеті сәулетінен айшықталып тұр. Ернат Дүйсенбекұлының сөзінше, қаланың құрылыс жұмыстарының көлемі 54 млрд. теңгеге жеткен. Халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мақсатында «Береке» коттедж қалашығында 107 үй салынған. Сондай-ақ, «Бірлік» шағынауданындағы 170 пәтерлі 2 несиелік көпқабатты үйдің құрылысы аяқталуға жақын. «Ынтымақ» тұрғын ауданында 200 пәтерлі 5 көпқабатты үйдің құрылысы басталыпты. Ал «Жастар-3» тұрғын массивінде ауқымды тұрғын үй құрылысы жалғасып жатыр. «Тұрғын үй қорын реновациялау» бағдарламасы аясында апатты жағдайда тұрған 19 үйдің тұрғындары жаңа пәтерлерге көшірілген.
Көптің шымбайына батып жүрген мәселе қаланың жолдары еді. Талдықорған көшелерінің сапасы біршама жақсарған. Оған себеп атқарылған ауқымды жұмыс. Мәселен, биыл Талдықорғанда жолдарды салу, күрделі жөндеу және күтіп-ұстау жұмыстарына 13,8 млрд. теңге бөлінді.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту жұмыстары белсенді жүргізілуде. «Ынтымақ» тұрғын ауданында 44 км. кәріз желісінің құрылысы аяқталған. Сондай-ақ, қала аумағында 89,4 км. су және кәріз құбырларын салу және қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Түнгі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «Хутор», «Шығыс» аудандарында және саяжай алаптарында 2500-ден астам көше шамдары орнатылды. «Таза Қазақстан» жобасы аясында қала аумағынан 7 мың тоннадан астам қоқыс шығарылып, 12 мың көшет отырғызылды. Қаланың сәулетін қашырып тұрған қасбеті тозған үйлер де жаңғыртылуда. Мәселен, 39 үйдің шатыры жөнделіп, 20 көпқабатты үйдің қасбеті жаңартылды. Біржан сал көшесіндегі «Арбатты» абаттандыру жұмыстары толықтай аяқталды.
Әлеуметтік нысандар құрылысы да назардан тыс қалған жоқ. «Өркен» спорт кешені аумағында көркем гимнастика кешені салынды, «Білім-инновация» лицейінің 300 орынды жаңа корпусының құрылысы жүріп жатыр. «Құлагер» және «Батыс» тұрғын аудандарында 1200 орынды екі мектептің құрылысына арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Өтенай ауылында ауысымына 100 адам қабылдайтын үш қабатты амбулатория пайдалануға берілді. Оңтүстік-батыс ауданда 500 адамға арналған емхана мен 150 орынды мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған оңалту орталығының құрылысы басталды. Сонымен қатар, қиын жағдайға тап болған отбасыларға жан-жақты қолдау көрсететін «Жанұя» отбасы қолдау орталығы ашылды. Жалпы, айта берсе, оңтайлы жұмыс көп.
Қала әкімі Ернат Бәзілмен кездесуде тілшілер қосыны көпті толғандырған мәселелерді жайып салды. Солардың қатарында қаладағы жолаушы тасымалы. Маршруттық автобустардың мүшкіл хәлі. Ернат Бәзіл бұл мәселені мойындап, қалада қатынап жүрген 130 автобустың 2011-2012 жылдары, тағы 22 автобустың 2019 жылы, қалғандарының 2021-2022 жылдары сатып алынғанын алға тартты. Оның сөзінше, қалада 26 маршрут бар, онда 7 тасымалдаушы компания жұмыс істейді. Тасымалдаушылармен диалог қиын болғанына қарамастан жергілікті атқарушы органдар көлік паркін жаңарту қажеттігін талап етуде. Қазіргі уақытта жаңа конкурс жарияланып, құжаттамасы дайындалуда. Оның басты талаптарының бірі – 2024-2025 жылдары шығарылған автобустарды сатып алу. Мұндай техника ұсынған тасымалдаушы ең жоғары көрсеткіш алып, маршрутта жұмыс істеуге үлкен мүмкіндікке ие болады. Сонымен қатар, қала әкімі №27 жаңа маршрут іске қосылғанын сүйіншіледі. Келесі аптада тағы екі жаңа маршрут ашылады. Тілшілер жыл сайын мыңдаған түп ағаш егіліп, кейін жөнді қарамаудың салдарынан қурап қалатыны туралы сұрау салды. Әкім бұл мәселенің өзекті екенін, көп жағдайда сапасыз ағаш егілетінін, жауаптылар бұл жұмысқа «жауапсыз» қарайтынын жасырмады.
Сөзіне сенсек, көшет егу енді ұранмен емес, жауапкершілікпен жүзеге асады-мыс. Көп сұрақтың қатарында 2026 жылы Сайын Мұратбековтің 90 жылдығына орай көше беру жайы көтерілді. Әкім сөзіне сенсек, республикалық және облыстық ономастикалық комиссиялардың тапсырмасына сәйкес 2026-2028 жылдарға арналған жол картасы аясында Сайын Мұратбеков, Сәкен Жылқайдаров, Бәтима Сақауова және басқа да тұлғалардың есімдерін беру туралы ұсыныстар енгізілген. Ернат Бәзіл былтырғы брифингінде де мәселе бақылауда екенін жеткізген еді. Биыл да жауап мәнін жоймапты. Айна-қатесіз берілді. Ал, бізде Талдықорған қаласында қаптаған «Жастардың» біріне Сайынның есімі берілсе, онда «ертегіші Аянның» мүсіні орнатылса, бір тал жабайы алма егілсе, шығармасынан инсталация жасалса деген ой бар. Бірақ, біздің ой әкімдікімен ұштаспай тұр.
Дастанбек САДЫҚ





