Алдымен аймақтағы 3-ші бөлімшеге ат басын бұрған қала басшысы ондағы күрделі жөндеуден өтіп жатқан көше жолдарына баса назар аударды. Аталған аумақтағы жоба аясында қазір жалпы ұзындығы 6 шақырым болатын 7 көшеге асфальт төселуде. Өткен жылы басталған бұл жұмыстар биыл да жүйелі түрде жалғасын табуда. Осы аралауда Ернат Дүйсенбекұлы «Солтүстік-Батыс» ауданы мен «Көктал», «Жастар-1», «Жастар-2» тұрғын үй алаптарындағы жол жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Әрі жауапты мердігерге құрылыс сапасына баса мән беруді тапсырып, басталған жұмыстар толық аяқталғанға дейін қатаң бақылауда болатынын ескертті. Осыдан соң ол қаладағы орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан Рүстембеков, Балпық би және Гагарин көшелерін және «Шығыс» шағын ауданындағы қалпына келтіріліп жатқан жол сапасын тексеріп, бірқатар тапсырмалар берді.
Келтірілген дерек бойынша, өткен жылы қаланың «Шығыс», «Оңтүстік-Шығыс», «Көктал» шағын аудандары және 3-бөлімше тұрғын аудандарындағы 89 көшеге күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынып, оның 14 көшесі жасалған. Сонымен қатар қаладағы 10 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Талдықорғанға қарасты Өтенай ауылындағы 7 көше күрделі жөндеуден өткізіліп, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 17 мыңнан астам шаршы метр жолға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ биыл жалпы құны 3,5 млрд. теңге болатын «Жастар-2» шағын ауданының жолына күрделі жөндеу жұмыстары басталған.
–Талдықорған қаласы бойынша сәуір айында басталған жол жөндеу жұмыстары қазіргі таңда кезең-кезеңімен жүргізілуде. Мұнда жол жабынының тозуына байланысты асфальт қабаты жаңартылып, ой-шұңқырлар тегістелуде. Сонымен бірге жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында арнайы жол белгілері айшықталып, көшелерге реттеуші таңбалар сызылуда,– дейді сала жауаптылары.
Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, биылғы жылы шаһарда 70 шақырымнан аса жол жөнделіп, барлық смарт аялдамалар қалпына келтіріледі. Атап айтқанда, аймақтағы жаңадан бой түзеп келе жатқан «Құлагер», «Бірлік», «Жастар 1 шағын аудандары мен «Солтүстік-Батыс» тұрғын үй алабындағы 107 жаңа көшенің 54 шақырымға жуық жолына құрылыс жұмыстары жүргізілмек. Сонымен қатар, 21 шақырымнан астам жол күрделі жөндеуден өткізіліп, орташа жөндеу бойынша 27,9 шақырым болатын 28 көшенің жол жамылғысын ауыстыру ісі қолға алынып, 17 шақырымнан астам жол ағымды жөндеуден өткізілмек.
Айдын КӘЛІМХАН