Бір минут үнсіздікпен басталған шараның шымылдығын Талдықорған қалалық мәслихат хатшысы Темірболат Ахажанов түрді.
– Дінмұхамед Ахметұлы шын мәнінде ұлтымыздың көшбасшысына айналған қайраткер. Біртуар тұлғаға деген құрмет өшпек емес. Ендігі ретте ол кісінің еңбегін өскелең ұрпаққа жеткізіп, ұрпаққа кеңінен насихаттауымыз керек. Соңында қалдырған мұрасы мен тарихи бейнесін танытуда әлі де атқарар жұмыс көп, – деді ол.
Артынша сөз тізгінін тартқан облыстық Қонаев қорының президенті Қадыржан Жексенов мемлекет және қоғам қайраткері туралы ағынан жарыла сөйледі. Айтуынша, биыл Д. Қонаевтың қызметтен кеткеніне 40 жыл, дүниеден өткеніне 33 жыл. Оның өмірін зерделеу әрбір қазақ баласының міндеті. Өйткені, ол жастардың білімді, қарымды болуы үшін еңбек етті. Қазақстанды өркенді ел етуге ұмтылды. Алатаудай алып тұлға бір ғасырда бір туады.
– Д. Қонаев – өз заманының ұлы саясаткері. Ол билік басында болған уақытта елдің экономикасын, әлеуметтік саласын, ғылымын, ұлттық мәдениетін дамыту ісіне айтулы еңбек сіңірді. Атпал азамат ел басқарған жылдары кең байтақ қазақ жерінде 68 жұмысшылар кенті мен 48 қала пайда болған. Осыдан-ақ, оның елім-жерім деген азамат болғанын аңғаруға бола- ды, – деді Қадыржан Жексенов.
Шыны керек, Қонаевтың Қазақстан үшін жасаған тірлігі ұшан-теңіз. Сонысымен қазақтың есінде мәңгі қалатын, ұмытылмайтын ұлы Даланың дара перзенті. Үрдіске айналған Қонаев ескерткішіне тағзым ету дәстүрінің де өз мәні бар. Мақсаты – Алатаудай аласармайтын тұлға турасында жас ұрпақтың білігін арттыру, санасында жаңғырту.
Дастанбек САДЫҚ





