Биыл Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің құрылғанына 15 жыл толды.
Осы атаулы мерекеге орай Құман Тастанбеков атындағы аудандық Мәдениет үйінде салтанатты шара өтті. Оған ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері, шетелдік және отандық зерттеушілер, сала ардагерлері мен парк қызметкерлері шақырылды. Мерекелік жиында аудан әкімі Ғалымжан Маманбаев ұлттық табиғи парктің өңір үшін маңыздылығына тоқталып, табиғаттың көркеюіне өзіндік үлес қосып отырған ұжымды мерейтойымен құттықтады. Сондай-ақ, сала дамуына үлес қосқан бірқатар қызметкер министрліктің Құрмет грамотасына ие болып, арнайы төсбелгімен марапатталды. Ұзақ жыл парктің дамуына еңбек сіңірген сала ардагерлеріне естелік төсбелгілер табысталды.
Қонақтар аудандық Мәдениет үйінің көркем-өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаны, Абай атындағы мектеп-гимназияның оқушыларынан құралған хордың орындауында «Сиверс алмасы» әнін тамашалады. Түстен кейін «Жоңғар Алатауы» МҰТП-нің бас ғимаратында аталған парктің 15 жылдығына орай «Сиверс алмасының қазіргі жағдайы, мәселелері мен зерттеулердің маңыздылығы» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Онда ғалымдар мен парк қызметкерлері «Флора мен өсімдіктер ресурстарының биологиялық әртүрлілігі» және «Жануарлар дүниесін қорғау және көбейту» секцияларына бөлініп, тақырыпты талдады.
Сиверс алма ағашының тарихы XVIII ғасырдан бастау алады. Неміс ғалымы Иоганн Сиверс Қазақстан тауларында жабайы алма ағаштарын алғаш зерттеді. Кейін ботаник Михаил Попов олардың қазіргі алма түрлерінің түпнұсқасы екенін дәлелдеді. Академик Николай Вавилов Тянь-Шаньді бүкіл әлемдік алмалардың Отаны деп таныды. Өз кезегінде «Жоңғар Алатауы» МҰТП директорының орынбасары Тоғжан Қасымханова, «Жоңғар Алатауы» МҰТП ғылым бөлімінің аға ғылыми қызметкері Әсем Қанапиянова әріптестік байланыс көкжиегінің кеңейе түсетініне сенімділік білдірді.
Бас ботаникалық бақ – Сиверс алмасының генофонды: жағдайы және дамуы жөніндегі алғашқы баяндаманы А. Жанғалиев атындағы жабайы жеміс өсімдіктерінің генофондын қорғау және интродукциялау зертханасының меңгерушісі, биология ғылымдарының кандидаты Гауһар Мұқан жасады. Одан кейін сөз алған «Есік мемлекеттік дендрологиялық саябағының» бас директоры Темірлан Мамиев Сиверс алмасының перспективті түрлерін зерттеуге, зоология институтының ғылыми хатшысы, аға ғылыми қызметкер Гүлжанат Танабекова Жетісу Алатауында Сиверс алма ағашын зақымдайтын басты зиянкестер алма ақкіс күйе көбелегі, раушан жапырақ ширатқыш көбелек, долана жапырақ ширатқыш көбелектерімен күрес тақырыбына кеңінен тоқталды.
Жиында өз ойларын ортаға салған Іле–Алатау табиғи паркінің ғылыми-зерттеу жұмыстары және таулы агробиоалуантүрлілік бөлімінің бастығы Салтанат Усербаева Іле–Алатау табиғи паркіндегі Сиверс алмасын сақтау және қорғау жұмыстары туралы айтып өтті. Сонымен қатар, ботаника және фитоинтродукция институты микология және альгология зертханасының бас ғылыми қызметкері, биология ғылымының докторы Елена Рахимова фитология мен микология саласы жайлы айтты.
Конференция барысында «Жоңғар Алатауы» МҰТП аға ғылыми қызметкері Саят Игембаев парктегі жабайы жеміс ормандарының қазіргі жағдайын сөз етті. Солардың ішінде Жетісу облысының асқақ тауларында өсетін Сиверс алма ағашы – әлемдегі барлық алма сорттарының түпқазығы. Бұл ерекше ағаш жылына бір-ақ рет, көктемнің соңында, ақ бұлттай үлбіреген гүлдерге оранып, таулы аймақты ертегі әлеміне айналдырады. Ғылыми конференция соңында қатысушы қонақтарға естелік сыйлықтар табысталды.
Жақсылық ИГІМАН
Фото: Дмитрий ЕРОФЕЕВ





