«Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясы аясында Жетісу өңірі жастарының бастамасымен «Экокеруен» тазалық күні өтті. Қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру және жастардың қоршаған ортаға деген қамқорлығын арттыру мақсатындағы шара жоғары деңгейде жалғасты.
Тазалық керуені Талдықорған қаласының орталығы арқылы Шевченко көшесінен Батыс айналмаға дейін жүрді. Бұл игі іске 80-ге жуық ерікті қатысып, тұрғындарға қоқыс сұрыптауды сөзбен емес, іспен көрсетті. Нәтижесінде 500 келіге жуық қағаз, пластмасса және шыны қалдықтары жиналды.
– Табиғатты қорғау – әрқайсымыздың ортақ міндетіміз. Егер деніміз сау болсын десек, ең бірінші табиғатты аялауымыз керек. Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалінде «Тазалық пен тәртіп – дұрыс өмір салтын ұстанудың басты көрінісі» деп айтқан еді. Сондықтан да қоғам болып «тазалықтың табалдырықтан басталатынын» үйренуіміз қажет. Тазалық жұмыстарында еріктілер тек қоқысты жинап қана қоймай, айналаны қалай күту керектігін де үйретеді, – дейді талдықорғандық ерікті Айдана Сұлтанқызы.
Дәл осындай бастамалар жастардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін нақты іс-әрекеттер арқылы көрсетіп отырғанын дәлелдейді.
Мирас СЕИТҚАЛИ,
«Жетісу жастары» КММ Ақпараттық
сүйемелдеу және PR бөлімінің меңгерушісі





