Текелі қаласында қоғамның назарын аударған резонанстық іс бойынша сот үкімі шықты. Күйеуінің өліміне күдікті ретінде танылған көпбалалы ана Лидия Шлегельге қатысты сот отырысы өтіп, әділ шешім қабылданды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Ernur.kz сайтына сілтеме жасап.
Тергеу барысында анықталғандай, қайғылы оқиға биыл 10-11 маусымға қараған түні қаладағы жер үйлердің бірінде орын алған. Сол түні болған жанжал кезінде пышақ жарақатынан 45 жастағы ер адам қаза тапқан. Оның өліміне күдікті ретінде марқұмның жұбайы ұсталған еді. Төрт баланың ананың тағдыры көпшіліктің алаңдаушылығын тудырған болатын. Сот процесі барысында істің мән-жайы жан-жақты сараланып, қылмыстық әрекеттің сипаты қайта қарастырылды.
Алғашында әйелдің әрекеті «адам өліміне әкеп соққан денсаулыққа ауыр зиян келтіру» бабы бойынша сараланса, сот отырысында бұл айыптау жеңілдетілді. Нақтырақ айтқанда, күдіктінің іс-әрекеті «қажетті қорғаныс шегінен шығу» бабына өзгертілді. Сотқа куәгер ретінде қатысқан көршілер мен жақындар көпбалалы ананың жылдар бойы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа шыдап келгенін, азап көргенін айтып куәлік берді.
Мәселен, марқұм күйеуі соңғы 3 жылда жұбайын жүйелі түрде ұрып-соққаны үшін төрт рет әкімшілік жауапқа тартылып, оның 2 кезінде қамауға алынғаны анықталды. Ал әйелдің өзі бұған дейін ешқандай құқық бұзушылық жасамаған. Қорғаныс қажеттілігі мен отбасындағы ауыр жағдайды ескерген сот Лидия Шлегельге 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Алайда ел көлеміндегі амнистия мен рақымшылық актісіне сәйкес ол сот залынан бірден бостандыққа шықты.
Мұндай оқиғалар қоғамдағы тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін тағы да тереңірек қарастыру қажеттілігін көрсетеді. Отбасылық жанжалдардың алдын алу, тұрмыстағы зорлық құрбандарына шұғыл психологиялық және құқықтық көмек көрсету жұмыстары күшейтілуде. Құқық қорғау органдары мен қоғамдық ұйымдар әйелдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында белсенді әрекет етуде.





