Текелі қаласы Әуезов көшесіндегі өткен ғасырдың орта шенінде салынған, халық арасында «жапон үйлері» аталып кеткен көпқабатты нысандар қайта жаңғыртылуда. Қала келбетінің ажырамас бөлігіне айналып, талай буынның алмасуына куә болған тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Уақыт өз дегенін жасайды. Бұл «жапон үйлері» қаншалықты мықты салынғанымен, жылдар жүгін көтерген қабырғалар жаңартуды қажет етеді. Бүгінде осы тарихи кварталдарда ауқымды күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынып, көне үйлерге жаңа тыныс берілуде. Құрылыс жұмыстары тек сыртқы келбетті әрлеумен шектелмей, ғимараттардың беріктігін сақтап, олардың ғұмырын ұзартуға бағытталып отыр.
Тұрғындардың арасында бұл өзгерісті ерекше ықыласпен қабылдап отырған жандар бар. Солардың бірі – Татьяна Загуменко:
– Әуезов көшесіндегі №4 үйде өткен ғасырдың 54-ші жылынан бері тұрып келемін. Өзім ұзақ жыл бойы құрылыс саласында еңбек еттім. Сондықтан мына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеуге баға беруге құқым бар деп ойлаймын. Құрылысшылардың сапалы жұмыс істеп жатқанына іштей риза болып жүрмін. Үйдің ескі қасбеттері толықтай алынып, аязға төзімді материалдар қолданылуда. Мұндай тәсіл ғимараттардың өз қалпын ұзақ сақтауға мүмкіндік береді, – дейді.
Жұмыс барысындағы ұқыптылық та тұрғындардың көңілінен шығып отыр. Құрылысшылар әрбір өтінішке дер кезінде жауап беріп, суағар жүйелерін дұрыс орналастырып, істің сапасына айрықша мән беруде. Мұндай жауапкершілік қарапайым жөндеуден гөрі, кәсіби мәдениеттің көрінісі екені анық.
Жөндеу жұмыстарының техникалық қырын учаске басшысы Нұрбол Беккәрімов:
– Негізгі мақсат – әсемдікпен қатар, ең алдымен ғимараттың беріктігін күшейту. Осы ретте жұмыстар іргетастан басталып, арнайы арматуралық торлар орнатылып, жаңа сылақтың ұзақ уақытқа шыдамдылығы қамтамасыз етілді. Қазіргі таңда 3 үйдің қасбеті құлатылып, 2 үй әрлеудің соңғы кезеңіне көшті. Заманауи сәндік материал ретінде қолданылатын сұйық травертин үйлерге ажар беруде, – дейді.
Қылтималар да біркелкі сәулеттік стильге келтіріліп, ұқыпты ақ түсті қаптамамен жабдықталған. Ауқымды жұмысты жүзеге асыру үшін 20-дан астам маман жұмылдырылып, арнайы техника жегілген. Жоспар бойынша жөндеу жұмыстары толық 3-4 ай ішінде аяқталмақ.
– Осы құрылыстың басы-қасында жүрген азаматтарға көп-көп рахмет айтамын. Өз істерін тыңғылықты істеп жатыр. Айналаны артық қоқысқа көміп жатқан жоқ. Мына үйлердің бәрі жөндеуден өтсе, қаламыздың көркіне көрік қосылып қалар еді, – дейді қала тұрғыны Саят Нүсіпов.
Текелідегі «жапон үйлері» жаңғыру арқылы өз тарихын жоғалтпай, жаңа дәуірге қадам басуда. Бұл өзгеріс қаланың келбетін көркейтіп қана қоймай, тұрғындардың болашаққа деген сенімін де нығайтпақ.
Медет Жұмабай
Текелі қаласы





