2025 жылы Қазақстанда көліктің барлық түрімен 1,9 млрд жолаушы тасымалданды, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,5%-ға көп, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Еліміздің көлік саласындағы статистикалық деректер жолаушылардың таңдауы мен қозғалыс динамикасының айтарлықтай өзгергенін көрсетеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, жолаушылар тасымалынан кәсіпорындардың тапқан кірісі 1,5 трлн теңгені құрады. Ал жолаушылар айналымы 88,9 млрд жолаушы-километрге жетіп, бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 7,4%-ға артқан.
Әуе тасымалының танымалдығы неге артты?
Соңғы деректер қазақстандықтардың алыс қашықтықтарға саяхаттау кезінде теміржолдан гөрі әуе көлігіне көбірек басымдық бере бастағанын айқындайды. 2025 жылы әуе көлігімен 15,4 млн жолаушы тасымалданып, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 4,8%-ға өскен. Әуе тасымалдарынан түскен кіріс 918,1 млрд теңгеге жетіп, саланың экономикалық әлеуетін дәлелдеді.
Керісінше, теміржол көлігінде кему тенденциясы байқалады. Бір жыл ішінде пойызбен 19,4 млн жолаушы қатынаған, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 6,7%-ға аз. Мамандар мұны уақытты үнемдеуге деген ұмтылыспен және авиациялық бағыттардың қолжетімді бола бастауымен түсіндіреді. Пойыз тасымалынан түскен кіріс 142,4 млрд теңге деңгейінде қалды.
Қалалық көлік – көш басында
Статистика көрсеткендей, халықтың күнделікті тұрмысында автомобиль және қалалық көлік түрлері негізгі рөл атқарады. 2025 жылы автобус, троллейбус, такси және өзге де қалалық көлік құралдарымен 1,9 млрд жолаушы жүрген. Бұл жалпы тасымал көлемінің 98,1%-ын құрайды және өткен жылмен салыстырғанда 12,8%-ға жоғары. Аталған бағыттан түскен кіріс 506,4 млрд теңгені құрады.
Бұл көрсеткіштердің өсуі қалалардағы қоғамдық көлік жүйесінің жаңартылуымен және такси қызметтерінің цифрлануымен тығыз байланысты. Сондай-ақ, ішкі су көлігінің де дамып келе жатқанын атап өткен жөн: бір жылда 253 мың жолаушы тасымалданып, өсім 9,5%-ға жетті. Су көлігінен түскен кіріс 733,7 млн теңге болды.
Өңірлік даму: Жетісу мен өзге облыстардағы өсім
Жолаушылар айналымының ең жоғары өсімі Шымкент (32,4%) және Алматы (24,8%) қалаларында тіркелді. Бұл еліміздің ірі мегаполистеріндегі халық тығыздығы мен экономикалық белсенділіктің жоғары екенін көрсетеді.
Сонымен қатар, облыстар арасында да оң динамика байқалады. Атап айтқанда:
- Алматы облысы – 45,2%
- Түркістан облысы – 18%
- Абай облысы – 15,2%
- Қарағанды облысы – 14,3%
- Жетісу облысы – 4,8%
- Павлодар облысы – 4,7%
Жетісу өңіріндегі 4,8% өсім аймақтағы көлік инфрақұрылымының тұрақты дамып жатқанын және тұрғындардың мобильділігі артқанын білдіреді.





