Басқосуға өңірдегі аудан, қала әкімдігінің салаға жауапты қызметшілері, тіл жанашырлары, зиялы қауым және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, жастар қатысты.
Облыстық қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен өткен іс-шараның басты мақсаты – Қазақстан халқының тілдері күні мен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнін атап өту, Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын тиімді іске асыру, сондай-ақ, аймақтағы мемлекеттік тіл саясатына өзіндік үлес қосып жүрген азаматтарды ынталандыру, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту және этнос өкілдерінің ана тілін дамытуына қолдау көрсету.
Салтанатты жиында Жетісу облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Бауыржан Абибеков жиналған жұртты ұлтымыздың ұлы байлығы – тіл мерекесімен құттықтап, үздіктерді марапаттады.
– Тіл – халықтың баға жетпес байлығы, ұлттардың бірлігі мен татулығының тірегі. Ана тіліміз – тәрбие құралы және адамдардың тілдік қарым-қатынасын байланыстыратын болмыс өзегі. Тілдер күні – Қазақстан азаматтарының достық, татулық белгісі. Ал халықтар достығы, өзара түсіністік пен ынтымақтастықтың басты нышаны. Жұртқа мәлім 2017 жылдың күзінде Үкімет қаулысымен тілдер күні 5 қыркүйекке яғни, көрнекті ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орайластырылды. 2018 жылдан бастап 5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күні болып мерекелене бастады.
Биыл жетінші рет аталып өтіп отырған Қазақстан халқының тілдері күні еліміздің азаматтары үшін өте маңызды мереке. Әр халықтың ана тілі – оның игілігі мен құндылығы. Тіл – халықтың рухани мұрасы, ұрпақтан-ұрпаққа берілетін асыл қазынасы. Осыған сай бүгінде тіл саясаты жүйелі жүзеге асырылуда. Тіл мерекесі құтты, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын, – деді басқарма басшысы.
Өз кезегінде сөз алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейт, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қоғамдық бірлестігі» Жетісу облыстық филиалының төрағасы Әміре Әрін мемлекеттік тілдің өткені мен бүгінгі жайында кеңінен тоқталып, тіл мәртебесін биік ұстап, Отанымыздың өркендеуіне үлес қосу әрбір азаматтың қасиетті борышы екенін айрықша атап өтті.
Сала мамандарының мәліметінше, биыл аймақта Жетісу облысының әкімдігі мен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруында түрлі іс-шаралар қолға алынған. Соның аясында «Тіл саясатын іске асырудағы инновациялар: ізденістер мен шешімдер» тақырыбында өткен республикалық семинарларда тіл жанашырлары аса белсенділік танытқан. Сонмен бірге бүгінде облыста мелекеттік тілді қажетіне қарай басқа да тілдерді оқып, үйренуге барлық жағдай жасалған. Нақтырақ айтқанда, қазір облыста 10 тіл оқыту орталығы бар. Биыл қабылданған тыңдаушылар саны 4863-ке жетсе, оның 4007-сі мемлекеттік, 856-сі ағылышын тілін үйренушілер. Ал қатысушылардың 823-і мемлекеттік, 1887-і бюджеттік сала қызметкерлері болса, 2153-сі жеке тұлғалар. Сондай-ақ, 25-28 тамыз аралығында аймақ тұрғындарының мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтауға бағытталған Қазтест жүйесі негізінде 900-ден астам адам тестілеуден өткен. Бұл сынаққа қатысқан негізінен мемлекеттік және әскери бөлім қызметкерлері, бюджеттік сала мамандары, акционерлік қоғам өкілдері мен жеке тұлғалар.
Тіл күніне орай ұйымдастырылған шара барысында өңірдегі тілдік ахуалдың тұрақтылығы жолында бірлесе еңбек етіп жүрген бірқатар азаматқа Жетісу облысы әкімі орынбасарының Алғыс хаты, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің Құрмет грамотасы табысталды. Мерекелік шара соңы өңір өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Айдын КӘЛІМХАН





