Қазақ тілі – қазақ халқының рухани өзегі, ұлттық болмысы мен тұтастығын айқындайтын басты құндылықтарының бірі. Ол – ата-бабадан аманат болған, ғасырлар бойы сан түрлі тарихи кезеңдерді бастан өткерген, соның ішінде бодандық пен тілдік шектеулерге қарамастан өзінің негізін сақтап қалған ана тіліміз. Бүгінгі таңда қазақ тілі тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ұлттың ар-намысы, руханиятының тірегі ретінде қарастырылуы тиіс.
Тәуелсіздік алған жылдардан бері ана тілімізге деген көзқарас пен қолдау біршама өзгерді. Мемлекеттік мәртебе берілгенмен, оны нақты өмірде толыққанды қолдану деңгейі әлі де ойдағыдай емес. Бір қалада қазақ тілінде сөйлеп, келесі қалада орыс тілінсіз қызмет ала алмау – көпшіліктің көңіліндегі қынжылыс. Бұл тек тілдік мәселе емес, бұл – мемлекеттілік пен ұлттық идеология мәселесі.
Қазіргі таңда қазақ тілінің мәртебесін көтеру бағытында түрлі бағдарламалар, заңнамалық өзгерістер, насихаттық жобалар қолға алынуда. Дегенмен, бұл әрекеттердің нәтижесі қоғамның ішкі сана-сезімімен, ұлттың өз болмысына деген құрметімен тікелей байланысты. Қазақша сөйлегеніне ұялатын ұрпақ емес, қазақша сөйлегеніне мақтанатын, ойлайтын, жазатын ұрпақ қалыптасуы қажет. Бұл – тек мұғалімнің, мемлекеттік қызметкердің, тіл жанашырларының емес, әр қазақтың парызы.
Жаһандану дәуірі өзімен бірге бірнеше тіл білуді талап етеді. Ағылшын, орыс, қытай тілдерін білу – заман талабы десек те, ана тілімізге деген махаббатты сол көптілділіктің көлеңкесіне жасыруға болмайды. Тілді үйрену – міндет, ал ана тілді ұмыту – опасыздық. Қазақ тілін жетік меңгермей тұрып, өзге тілді меңгеру – тамыры жоқ ағашқа су құйғанмен тең. Қазақ тілі – біздің түп-тамырымыз, ұлт ретінде сақталуымыздың кепілі.
Қазақ тілінің болашағы – жастардың қолында. Қазіргі жастар – технологияға жақын, интернет кеңістігінде белсенді топ. Егер осы ортада қазақ тіліндегі контент, видеолар, блогтар, жаңалықтар мен трендтер көбеюі – тіліміздің заманауи тынысын ашады. Қуантатыны – соңғы жылдары TikTok, Instagram, YouTube сияқты платформаларда қазақша сөйлейтін, қазақ тілінде контент ұсынатын жастар көбейіп келеді. Бұл – үлкен үміт. Бұл – тілге деген жаңа көзқарас.
Бірақ, қазақ тілінің болашағы тек жастармен шектелмейді. Ол – отбасыдан басталады. Баланың ең алғашқы тілі – ананың тілі болуға тиіс. Үйде қазақша сөйлеспей, мектеп пен университеттен ана тілді талап ету – әділетсіз. Мектептегі мұғалім де, университеттегі оқытушы да отбасынан басталмаған құндылықты қайта қалпына келтіре алмайды.
Тіл – тірі организм. Оны қолданбасаң – өшеді, қолдансаң – дамиды. Сондықтан қазақ тілін «сақтау» емес, қолдану керек. Күнделікті өмірде, жұмыста, достар арасында, әлеуметтік желіде – барлық жерде қазақ тілін қолдану арқылы ғана біз оны өміршең ете аламыз. Бұл – ұран емес, нақты әрекет.
Қазақ тілінің болашағы – өзімізге байланысты. Біз қалай сөйлейміз – ертеңгі буын солай сөйлейді. Біз тілімізді қадірлесек – мемлекетіміз де биік, рухымыз да биік болады.
Бүгінгі таңда қазақ тіліне деген сұраныс біртіндеп артып келеді. Бұл сұраныс негізінен мемлекеттік қызмет пен білім саласында байқалғанымен, бизнесте, жеке секторда, тіпті жарнама мен шоу-бизнес әлемінде де қазақ тілінің орны күшейіп келеді. Бұрын тек орыс тілінде қызмет көрсететін сауда орындары, қоғамдық мекемелер қазір қазақша сөйлеуге мәжбүр. Себебі тұтынушының тілі – нарық тіліне айналды. Демек, қазақ тілі – тек ұлттық символ ғана емес, экономикалық қажеттілікке де айналып келеді.
Дегенмен, бұл үдеріс біркелкі жүріп жатқан жоқ. Әсіресе, қалалық ортада қазақ тілін менсінбеу, не болмаса оны төмен дәрежеде қабылдау – әлі де бар шындық. Көп жағдайда адамдар қазақша сөйлеуден қашпайды, тек сөйлейтін орта жоқ екенін айтады. Бұл – маңызды мәселе. Қазақ тілін дамыту үшін алдымен сөйлеу ортасынкеңейтуіміз керек. Қазақ тілінде сапалы кино, телехикая, реалити-шоу, ойын-сауық, интеллектуалдық бағдарламалар, балалар мультфильмдері – бәрі де тілге деген сұранысты арттырады. Яғни, тіл – тек мектептегі пән емес, өмір сүру кеңістігінің құралы болуы қажет.
Мұның тағы бір маңызды аспектісі – IT мен технологиядағы қазақ тілі. Қазіргі балалар мен жастардың дүниетанымы смартфон арқылы қалыптасады. Егер қолданбалар, сайттар, ойындар мен білім платформалары қазақ тілінде қолжетімді болса – бұл қазақ тілінің сандық дәуірге сай икемделіп жатқанын білдіреді. Осы тұрғыда соңғы жылдары Google, YouTube, Kaspi, Halyk Bank, eGov сияқты ірі сервистердің қазақша интерфейс ұсынуы – оң өзгерістердің бастамасы. Бірақ бұл жеткіліксіз. Бізге толыққанды сандық қазақша орта керек.
Білім беру саласында да ана тіліміздің алатын орны ерекше. Қазір елімізде үштілділік саясаты жүргізіліп жатқаны белгілі. Дегенмен, бұл саясатты жүзеге асыруда қазақ тілінің негізі мықты қалыптасуы тиіс. Әйтпесе, шет тілін еркін меңгерген, бірақ ана тілінде еркін жаза алмайтын ұрпақ өсіп шығуы мүмкін. Сондықтан мектептер мен ЖОО-ларда қазақ тіліндегі білім сапасы, оқулықтар, ғылыми еңбектер мен оқыту әдістемелері заман талабына сай, жоғары деңгейде болуы тиіс. Ана тіліңде терең білім алмаған адам басқа тілде де ой тереңдете алмайды.
Қазақ тілінің болашағына тек билік органдары, мұғалімдер немесе тіл мамандары ғана жауапты емес. Бұл – әрбір азаматтың міндеті. Бүгінде қазақ тіліне жанашырмын деген адам тек «тілім жойылып бара жатыр» деп күйініп қана қоймай, әрекет етуі керек. Бұл әрекет үлкен болмаса да, шынайы болуы маңызды:
-
Балалармен қазақша сөйлесу,
-
Әлеуметтік желіде қазақша жазу,
-
Қазақтілді өнімді таңдау,
-
Қазақша кино көріп, қазақша кітап оқу,
-
Қазақ тіліндегі жобаларды қолдау.
Осындай ұсақ көрінетін қадамдар – ұлттық мүдденің іргетасы. Көп адам «мен бір өзім не істей аламын?» дейді. Ал шын мәнінде, әр адамның таңдауы – бүкіл қоғамның беталысын анықтайды. Бүгін сен қазақша жазған пост – ертең бір жасөспірімге мотивация. Бүгін сен Kaspi-ден қазақша сөйлеген офицантқа рахмет айттың – ол ертең басқаларға үлгі болады. Тіл – тек грамматика мен сөздік қана емес, ол – қатынастың мәдениеті мен сана.
Қазақ тілінің бейресми салада қаншалықты өміршең бола алатыны – оның нағыз деңгейін көрсетеді. Өйткені телеарна, мектеп, мемлекеттік мекеме – бұлар заңмен реттелген формалар. Ал нағыз тіл дамуы – көше тілі, қонақтағы әңгіме, дос арасындағы әзілің, интернеттегі постың, жасалған мемің, тыңдайтын музыкаң, қолданатын қосымшаң, ойнайтын ойының, ұнататын контентің қай тілде – міне, нағыз көрсеткіш – осы.
Көптеген елдер тілін сақтау үшін күресіп жатыр. Мысалы, Израиль халқы мыңдаған жыл бойы өлді деп саналған иврит тілін қайта тірілтті. Олар тілді үйде, мектепте, медиада міндетті етті. Ал біз – тіліміз өлген жоқ, тірі. Сондықтан тірі тілдің қадіріне тірі кезде жетейік.
Тілге деген көзқарас – өзіңе, ұрпағыңа, тарихыңа, болашағыңа деген көзқарас. Қазақ тілін дамыту – қазақтың өзін дамытумен бірдей. Өйткені тілі дамымаған ел – ойы да, болмысы да толық дамымаған ел. Бізге озық технология керек, шетелдік білім керек, заманауи көзқарас керек. Бірақ бәрі – қазақ тілінде болуы шарт. Тек сонда ғана біз шын мәнінде тәуелсіз, толыққанды, рухани бай мемлекет бола аламыз.
Ең соңында мына бір сөз жүрекке жетуі тиіс:
«Тілі жоғалған жұрт – болашағынан айырылады» – Ахмет Байтұрсынұлы.
Сондықтан болашаққа тілімізді аманаттау – біздің қасиетті борышымыз.
”Жетісу-Ақпарат”