Бүгінде нарықта құрылысқа қажет материалдардың небір түрі шығарылады. Соның бірі сплиттер блоктары. Олар қазір ерекше сұранысқа ие.
Мұндай құрылыс бұйымдары саяжай үйлерін, автотұрақтарды, ферма ғимараттарын және жеке аумақ қоршауларын салуға қолданылады. Осы бағытта табысты жұмыс істеп келе жатқан компаниялардың бірі «Строй инструмент» жеке кәсіпкерлігі. Сплиттер және полистирол бетон блоктары 2019 жылы Бауыржан Нұржігітовтың жетекшілігімен шығарыла бастады. Кәсіпкердің айтуынша, ол 2006 жылы электр тауарларын сататын дүкен ашқан. Бұл оның бизнестегі алғашқы қадамының бірі болыпты. Кейіннен ісі кеңейіп, бизнесі жандана түскен.
Бастапқыда ол электр тауарлары бөлшек сауда саласын табысты жүргізе отырып, нарықта сапалы құрылыс материалдарына қажеттіліктің бар екенін түсінді. Сөйтіп, әртүрлі нысан салу бағытында сплиттер мен полистиролбетон блоктарын жасау туралы ой туған. Қабырға блоктарын өндіруді кеңейту мақсатында «Қазақстан халық банк» АҚ-ға жүгініп, өткен жылы «Даму» қорын субсидиялау құралын қолдана отырып, «Бірыңғай кешенді бағдарлама» шеңберінде несиеге қол жеткізген.
Бүгінде шағын өндірістен бастаған компания жетістігі көңіл қуантады. Оған сплиттер мен полистирол бетон блоктарының сенімді өндірушісі ретінде көрсете білгені дәлел. Өндіріс үдерісінде басты назар технологияларды сақтауға, сапалы шикізат таңдауға және өндірістің әр кезеңін қатаң бақылауға аударылады. Бұл тәсіл компанияға жергілікті сатып алушылардың сеніміне ие болып қана қоймай, жеткізілім аумағын кеңейтуге мүмкіндік берді.
Қазір аталмыш жеке кәсіпкерлігі өндірісті кеңейтіп, болашаққа нық қадам басуды жалғастыруда. Нәтижесінде кәсіпкер құрылыс саласында бәсекеге қабілетті әрі табысқа қалай жетуге болатынын дәлелдеп келеді.
Айгүл Байбосынова