Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде өткен брифингте облыстық эпидемиолог Рандир Сахариев пен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Индира Күнбасова өңірдегі эпиджағдайға тоқталды. Мамандардың айтуынша, облыстағы инфекциялық ахуал жалпы алғанда тұрақты, алайда маусымдық вирустардың белсенділігі байқалады.
Индира Күнбасованың мәліметінше, биылғы 10 айда төрт ауру түрі (тұмау, серозды менингит, сіреспе, желшешек) өсім көрсеткен. Ал бруцеллез, туберкулез, сальмонеллез, қызылша, көкжөтел секілді 17 нозологияда төмендеу тіркелген.
Өңірде биыл 69 нозология бойынша жүйелі мониторинг жүргізіліп, жұқпа ошақтарында қажетті шаралар қабылданып, 34 мыңнан астам балаға жоспарлы екпе жасалған. Сондай-ақ, уақытында вакцина алмаған балалар толықтырылып иммундаудан өтуде.
2025-2026 жылдардағы эпидмаусым басталғалы ЖРВИ-дің 45 мыңнан астам жағдайы тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңінен 1,6 есе жоғары. Аурудың басым бөлігі – 14 жасқа дейінгі балалар.
Инфекцияның таралуы маусымдық сипатта, жағдай бақылауда. Лабораториялық тексерулер нәтижесінде тұмаудың 156 дерегі анықталған, барлығы А(H3N2) штаммы. Мамандар «Гонконг тұмауы» деп аталып жүрген вирустың жаңа түр емес екенін, жыл сайын айналымда болатынын атап өтті.
Ал мектептердегі ахуалға келетін болсақ, 327 білім ошағында 232-сінде ЖРВИ дерегі, 37-сінде тұмау жағдайы тіркелген. Бірақ оқушылар арасындағы сырқаттанушылық 10%-дан аспайды. Қажет болған жағдайда сыныптар қашықтан оқытуға уақытша көшіріледі.
Облыста 82 мың тұрғын тұмауға қарсы вакцина алды. Препарат жыл сайын жаңартылып, үш штаммға қарсы қорғаныс береді. Вакцинация ең алдымен, қауіп тобына жататын азаматтарға жүргізілген.
Қазіргі таңда 29 мобильді бригада жасақталып, 25 сүзгі кабинеті ашылып, 48 кеңес беру желісінде медициналық ұйымдар күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
Инфекциялық стационарларда 421 орын әзірленген, қосымша 196 орын дайын тұр. Бүгінде төсек қорының 99%-ы толғанымен, ауыр жағдайдағы науқастар жоқ.
Халық арасында түсіндіру шаралары белсенді жүргізілуде. 15 мыңнан астам жадынама таратылып, семинарлар мен дәрістер өткізілді. Медициналық ұйымдардың ресми парақшаларында да профилактика жөнінде материалдар тұрақты жарияланып отыр.
Спикерлердің айтуынша жалпы облыста инфекциялық жағдай бақылауда. Маусымдық вирустардың артуы қалыпты құбылыс болғанымен, мамандар алдын алу шараларын күшейтіп, тұрғындар арасында ақпараттандыру жұмыстарын жалғастыруда. Дәрігерлер дер кезінде вакцина алудың және қарапайым сақтық ережелерін орындаудың маңызын еске салады.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





