Сапалы білім – саналы ұрпақ тәрбиелеудің, өркениетті ел қалыптастырудың басты кепілі. Осы ұстанымды берік ұстанған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті шетелден келген қандастарға білім есігін айқара ашып, олардың болашаққа нық қадам басуына жол көрсетіп отырған бірегей оқу ордасы.
Университеттің жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті мен жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының негізгі миссиясы – алыс-жақын шетелдерден келген қандас жастарды Қазақстанның жоғары оқу орындарына сапалы даярлау.
Жыл сайын Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Түркия, Иран және өзге де елдерден білімге құштар жастар ҚазҰУ-дың дайындық курстарына қабылданады. Қазақстан тәуелсіздік алған кезеңнен бері шетелдегі қандастарды тарихи отанына оралтуға бағытталған мемлекеттік саясат жүйелі түрде жүзеге асуда. Ал сол жастардың атажұртқа бейімделіп, отандық білім жүйесіне сәтті кірігуіне ҚазҰУ дайындық кафедрасының қосып отырған үлесі айрықша.
Кафедра оқытушыларының басты мақсаты – тыңдаушыларға ұлттық тарихымызды, мәдениетіміз бен әдебиетімізді терең меңгерту, сондай-ақ алған білімдерін ҰБТ барысында жоғары нәтижемен дәлелдеуге жағдай жасау. Әсіресе шетелден келген жастар үшін Қазақстан тарихы пәні күрделі саналады. Себебі бұл пәнмен олар елге келгеннен кейін ғана жүйелі түрде таныса бастайды. Осыны ескере отырып кафедрада пәнді меңгертудің тиімді әдістемелері қолданылады. Атап айтқанда, интерактивті дәрістер, визуалды слайдтар, тақырыптық және мәтіндік тесттер, сараланған тапсырмалар арқылы кешенді дайындық жүргізіледі.
Білім сапасын арттыруда тыңдаушылар ай сайын екі рет онлайн және екі рет оффлайн форматта сынама тест тапсырады. Бұл жүйе олардың білім деңгейін нақты саралап, жіберген қателігімен уақытылы жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар әр 2 ай сайын кафедраның ұйымдастыруымен тест орталықтарында сынама ҰБТ тапсыру дәстүрге айналған. Ал тыңдаушылардың дайындығы тек академиялық біліммен шектелмейді. Олар кәсіби бағдар беруге бағытталған түрлі іс-шараларға да белсенді қатысады.
ҚазҰУ-да білім беру сапасы санмен емес, мазмұнмен өлшенеді. Университеттің білім беру саясаты тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ–4) талаптарына сай баршаға қолжетімді әрі сапалы білім ұсынуға бағытталған. Шетелден келген жастардың үлкен өмірге бастар жолы дәл осы дайындық кафедрасында қаланады.
Арман жетегіндегі жас буынның саналы ұрпақ ретінде қалыптасуына сапалы білім, жүйелі дайындық пен жарқын мүмкіндік ҚазҰУ қабырғасынан бастау алады.
Г. МУЖИГОВА, С. НҰРТІЛЕУОВА,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университеті жоғары оқу орнына дейінгі
білім беру факультетінің аға оқытушылары





