Облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ азаматтарға жеке мәселелері бойынша қоғамдық қабылдау өткізді.
Ескелді ауданының тұрғыны Назарбай Барменқұлов жол, су, білім саласына қатысты мәселелерді көтерді. Өтініш иесі Ақтұма ауылының су құбырын қайта құру және құрылыс жұмыстары 2022 жылы басталғанын айтты. Жұмыстың 95%-ы орындалған. Алайда су алу нысанының аумағын абаттандыру жұмыстары толығымен жүргізілмеген.
Облыс әкімі тұрғынның өтініш-тілегін тыңдап, Ескелді ауданының әкіміне Ақтұма ауылының су құбырын реконструкциялау және салу бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы түзетуді, аяқтауды міндеттеді.
Денсаулық жағдайы және әлеуметтік төлемдер, мүгедектік, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беру мәселесін айтқан Динаш Мұқашеваға заң аясында жан-жақты көмек көрсетілетін болды. Облыс әкімі денсаулық сақтау басқармасының басшысына науқастың денсаулық жағдайына тағы да сараптама жүргізіп, белгілері анықталған жағдайда заңнамада белгіленген тәртіппен медициналық-әлеуметтік сараптамаға жіберіп, мүгедектік берудің жолын қарастыру қажеттігін айтты.
«Kezekte.kz» бірыңғай ұлттық жүйесінің мәліметіне сәйкес Динаш Мұқашева толық емес отбасы ретінде 2018 жылдан бастап «Халықтың әлеуметтік осал топтары» санаты бойынша Панфилов ауданында тұрғын үй кезегінде тұр. Қазір оның реттік нөмірі 474. Жалғызбасты ананың өтінішіне қатысты Бейбіт Өксікбайұлы Панфилов ауданы әкіміне мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беру тәртібі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Еңлік КЕНЕБАЙ
Фото: gov.kz





