Қазақстанда зейнетақы жинақтарын мақсатсыз пайдаланудың алдын алу мақсатында жаңа шектеу енгізілді. 12 желтоқсанда «Отбасы» банк пластикалық операцияларға біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану бойынша өтінімдерді қабылдауды тоқтатты, – деп хабарлайды 7-SU.KZ.
Банк мәліметінше, соңғы айларда бұл бағыттағы өтініштер саны күрт көбейген. Егер бұрын ай сайын шамамен 16 ғана өтініш қаралса, стоматологиялық қызметтерге шектеу енгізілгеннен кейін олардың саны бірнеше есеге артқан:
-
қыркүйекте – 123 өтініш;
-
қазанда – 1 844 өтініш;
-
қарашада – 3 878 өтініш.
Ал желтоқсанның алғашқы сегіз күнінде офтальмологияға тыйым салынған соң пластикалық операцияларға 2 093 өтініш түсіп, бұл қалыпты көрсеткіштен 130 есе жоғары болды.
Жалпы желтоқсан айында ғана өтінімдердің жалпы сомасы 1,8 миллиард теңгеге жеткен.
«Отбасы» банк зейнетақы активтерінің делдалдар арқылы мақсатсыз пайдаланылу қаупін байқап, өтініш қабылдауды уақытша тоқтату туралы шешім қабылдады. Қазір 6 294 өтініш қаралуда», – делінген ресми хабарламада.
Банк басқармасы төрайымы Ляззат Ибрагимованың айтуынша, зейнетақы жинақтары көбіне пластикалық операциялар үшін рәсімделгенімен, артық табысты делдалдар алып отырған.
«Зейнетақы қаражаты — халықтың болашақтағы қаржылық қауіпсіздігі. Оны заңсыз байыту құралына айналдыруға жол беруге болмайды», – деді Ибрагимова.
Қазіргі қолданыстағы талаптарға сәйкес, қазақстандықтар зейнетақы жинақтарын тек нақты мақсаттарға бағыттай алады. Олардың қатарында:
-
сирек және қымбат емдеу түрлері;
-
сирек кездесетін ауруларды емдеу;
-
радиойодтерапия, радиохирургия, протондық терапия;
-
тұрғын үй жағдайын жақсарту;
-
ипотеканы өтеу.
Пластикалық операцияларға зейнетақы қаржысын пайдалану өтінімдері уақытша тоқтатылып, бақылау күшейтілді.





